ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТІ ОРЫНДАУ – КӘСІБИ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

«Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» деген. Осы тәмсіл арқылы ұстаздар қауымының қоғамдағы орны орасан зор екеніне тағы көз жеткізесің. ХХ ғасырдың басында он баланың тоғызы мұғалім болуды армандайтын. Мектептің жүрегі саналатын мұғалімдердің айтқаны оқушылар үшін заңдылық еді. Олардың әрбір сөзі мен жүрісі, киген киімі өскелең ұрпаққа зор өнеге-тін. Шәкірттер ұстазын көрсе именетін. Жолда көріп қалса, жиекке шығып жол беретін. Бірақ тәуелсіздік жылдарындағы тоқырау сол дәуірді сағымға айналдырды.
…Сол кезеңде қара қазан, сары бала қамы үшін халық сен соққан балықтай сандалды. Талғажау болар тамақ табу үшін қолындағы бар мүлкі мен қорадағы малын болар болмас ақыға сатып, күнін көргендер көп болды. Нарықтық экономика заңдылықтарына ілесе алмай іркіліп қалғандар да жетерлік еді. Қоғамның әлеуметтік ахуалы осылай артқа қарай құлдилап жатқанда, мұғалімдердің қоғамдағы орны мен рөлі айтарлықтай төмендеп кетті. Айлап, жылдап жалақы ала алмай жүрген мыңдаған мұғалімнің сол кездегі бейнесі олардың имидждеріне көп кері әсерін тигізді. Әсіресе өскелең ұрпақ арасында «мұғалім болу арқылы әлеуметтік мәртебемізді арттыру мүмкін емес» деген түсінік пайда болды. «Сананы тұрмыс билеген» сол замандарда «адамның мәртебесі тек оның материалдық құндылығымен ғана өлшенеді» деп ойлайтындардың қатары көп болғаны жасырын болмады. Әрине бұл қате түсінік екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді.
Бұдан кейінгі жылдары да жергілікті жерлерде әкімдіктің ұйымдастыруымен жүргізілетін талай шаралардың басы-қасында білім саласындағы қызметкерлердің қол баладай қызмет етіп жүруі мұғалімдер мәртебесінің төмендеуіне айтарлықтай ықпал етті. Ең өкініштісі тәуелсіздік жылдарының басындағы сол бір «өліара» кезеңнің салдары біраз мұғалімдердің білім-білігіне де кері әсерін тигізді. Тоқырау жылдарында нақ осы білім саласында тұралап қалған талай тірлік бертін келе қолға алынып, бірталай олқылықтардың оябы табылып жатқаны анық. Тіпті түпкілікті түрде шешілген тұстар өте көп. Бірақ бірқатар жәйттердің әлі күнге дейін нақты шешімін таппай жатқаны алаңдарлық мәселе. Соның бірі – мұғалімдердің сенбілік, сайлау, үй аралау сынды қоғамдық жұмыстарға жегілуі болып отыр. Бар назары ұрпаққа білім беруге бұрылуы керек оларды қоғамдық жұмысқа салып қою үдересі қалыпты құбылысқа айналғандай. Жылдар бойы жалғасын тауып келе жатқан бұл жүйесіздікті тоқтату бүгінгі күннің басты мәселесі.
Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 5-қазандағы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы кезінде ««Жергілікті жерлерде мұғалімдерге кез келген жұмыс тапсырылады. Мұғалімдер сайлау өткізеді. Насихат жұмыстарын да ұстаздар жүргізеді. Бірнәрсе қажет болса, мұғалімдер жіберіледі. Сол үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Бұл жұмыстардан оларды босату керек. Олар сабаққа дайындалу керек қой. Уақытында ғана жұмыс істеуі қажет. Тіпті оларды орынсыз тексере береді»,- деген-тін.
Сол кезде Елбасы мұғалімдерге түсетін осы және өзге де жүктемені азайтып, мұғалімдер мен мектептерге дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге стимул беретін педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылдау қажеттігін де тапсырған болатын.
Өз кезегінде мұғалімдер күні қарсаңында сол кездегі мемлекет басшысының осылай мәлімдеме жасауы қолы қалт ететін уақыты жоққа тән мыңдаған мамандар тарапынан зор қолдау тапқаны белгілі. Осыған орай елімізде «Педагогтар мәртебесі» туралы заң жобасы әзірленді. Қазіргі таңда еліміздегі мұғалімдердің мәртебесін екшеп беретін сол заң жобасы Парламент депутаттарының қарауында. Тиісінше аталған заң жобасына қатысты қоғам белсенділері мен өзге де тараптардың ұсыныс-пікірлері де қызу талдану үстінде. Қайткен күнде де «Педагогтар мәртебесі» туралы заң жобасы жалпы ұстаздар қауымының беделін арттырып, бейнесін еңселі етеді деген сенім зор.
Дегенмен де, біз «Педагогтар мәртебесі» туралы заң жобасы қабылданғаннан кейін білім саласында ешқандай мәселе болмайды деп ойлауға жол бермеуіміз қажет. Және тек мұғалімдердің мәртебесін ғана алға шығарып, өзге жәйттерді екінші орынға ысыруға тағы болмайтынын түсінуіміз керек. Барлық бағыттарды бірдей алып жүрген абзал. Бұл ретте дұрыс бағдар түзудің маңызы зор. Баяндылыққа бастайтын сондай жоспарларды біз қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан табамыз.
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты бұл Жолдауда Президент біліммен қаруланған жас ұрпақты қалыптастыру үшін қандай мәселелерге мән беру қажеттігін нақты көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы:
«Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет», — деген.
Бетінен қақпай өсірген балаларымыздың мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейін қолы бостықтың салдарынан шым-шытырық өмірмен бетпе бет келетіні күрмеулі мәселенің бірі еді. Ендігі кезекте бұл мәселеге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, өрендеріміздің өмірде өз орнын табуына қажетті жағдайларды қарастырудың қолға алынатыны мені ерексіз қуантты. Келешек иелерінің тағдырына тікелей оң әсер беретін бұл жұмыстар мұғалімдердің белсенді қатысуымен іске асатыны құптарлық қадам болды. Себебі, ұлағатты ұстаздар қауымы сан жылдар бойы тәлім мен білім беріп отырған оқушысының неге ебі бар, қай іске икемі бар екенін жақсы білетіні айдан анық. Осы тұрғыда мұғалімдердің нақты тұжырым мен түйін жасауда педагогикалық шеберлікке ие болуы зор рөл ойнайды. Ал мұндай талап мұғалімдерге талмай, тынбай ізденіп, үнемі өзін жетілдірудің арқасында келетіні анық. Зор ізденістің арқасында сондай кәсіби құндылықты өне бойына сіңдіре алған ұстаздар әрдайым құрметке кенелетіні анық. Ал одан ада мұғалімдерге деген өзгелердің көзқарасы көңіл тоғайтарлықтай болмайтыны айтпаса да түсінікті. Бұл сөзім арқылы мен педагогтар мәртебесінің салтанат құруы тек бір тараппен ғана түгесілетін дүние емес екенін, құрметке кенелу үшін мұғалімдердің білім-білігі жоғары болу қажеттігін баса айтқым келеді.
Сөз соңында барлық ұстаздар қауымын қазан айының бірінші жексенбісінде аталып өткен төл мерекелерімен құттықтаймын. Дендеріне саулық, еңбектеріне табыс тілеймін.

Ермек Дәрменов,
Шымкент қалалық
мәслихатының депутаты.