САЙРАМ ӨНІМДЕРІ ӨТІМДІ
Келешекте Түркістан облысы Өзбекстан, Ауғанстан мен Иран елдеріне құрама жем өнімдерін экспорттайтын болады. Бұл үшін қыркүйектің аяқ шенінде Сайрам ауданында құрама жем шығаратын зауыт іске қосылмақ. Қазіргі таңда құрылысы жүргізіліп жатқан өндіріс орнында тәулігіне 240 тонна өнім өндіріледі деп күтілуде.
Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданына барған іссапары кезінде тап осы зауыттың құрылысымен танысып, дайын өнімдер ең бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз етуі қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар ол жылына 7200 шақырым кабель шығаратын «K.A.Z.TEL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ондағы жұмыстарды пысықтады. Ауданның Жібек жолы ауылдық округінде орын тепкен бұл өндіріс орны ішкі нарықты ғана емес, сыртқы сауда да мойындалып келеді. Бұгінде «K.A.Z.TEL» өнімдері Қырғызстан нарығында сатылады.
Сансыз баптар мекеніндегі сапары кезінде аймақ әкімі Ақсу ауылындағы «Бірлік-4» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын да сүзгіден өткізді. Аталған серіктестікте заманауи құрылғылармен жабдықталған көкөністер мен жемістерді сақтайтын, сыйымдылығы 40 мың тонналық қоймалар бар. Сонымен қатар, кешенде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цех орналасқан. Онда жылына 1,2 млн. консерві өнімдері даярланады. Отандық өнім Қазақстан аумағында ғана нарыққа шығарыалып қана қоймай, ТМД елдеріне экспортталады.
С. НҰРАЙ.