КҮНГЕЙ ҚЫТЫМЫР ҚЫСТЫ ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫН

Түркістан облысының жұрты алдағы жылыту маусымында көмірге деген тапшылықты сезбейді. Жалпы облыстың қатты отынға деген қажеттілігі 1 млн. 181,8 мың тоннаны құраса, бүгінде соның 43,5%, дәлірегі 514,4 мың тоннасы қоймаларға жеткізіліп, тиісті жерлерге таратылуда. Қалған бөлігін аймаққа жеткізу жұмыстары жақын күндері толық аяқталады.
Түркістандағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Игілік Тұрғымбеков осындай уәделі мәлімдеме жасады.
Қазіргі таңда өңірдегі 2700-ден астам бюджеттік мекемелерге қытымыр қыстан қысылмай шығу үшін қажетті деген 171,1 мың тонна көмір және 5 млн. 143,7 мың. литр дизельді отын тасымалдау жұмыстары толық орындалған. Облыс бойынша орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерде көмірге деген қажеттілік 108,8 мың тонна болса, бүгінде соның 43,2 мың тоннасы жеткізілген. Ал аймаққа тұрғындар үшін вагондарға тиелген көмірдің көлемі 301,2 мың тоннаны құраған. Бұл жалпы қажеттіліктің 33,4% ғана құрайды. Жалпы облыс тұрғындары «қыр астындағы қыстан» қысылмай шығуы үшін барлығы 902 мың тонна көмір қажет. Бұл сұраныстың барлығы қамтамасыз етіледі.
Осындай деректерді келтіріп өткен басқарма өкілі теміржол стансаларындағы көмір қоймаларында өнімнің 1 тоннасы 14-17 мың теңге аралығында сатылып жатқанын мәлімдеді.
Биыл Түркістан облысында жылыту маусымы 1-қарашадан басталады деп күтілуде. Дегенмен мамандар қылышын сүйреген қыс кіріп келетін болса, жылу белгіленген мерзімінен ерте жіберілетінін жеткізді.

С. НҰРАЙ.