Бқо-да жерді игермегендердің тізімі жарияланады

ал, өзге өңірлерде Президент тапсырмасын орындау қашан қолға алынады?

Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мақсатты игермей отырғандардың аты аталып, түсі түстелген тізімі жарияланады.
Аймақ әкімі Ғали Есқалиев пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және мемлекетке қайтару жұмыстары туралы кеңесте тиісті органға осындай тапсырма берді. Бұл жиынға шаруа қожалықтарының басшылары да қатысты.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында игерілмей жатқан жер көлемінің аумағы 1 млн. 532 мың гектарды құрайтыны анықталған. Бұл барлығы 1805 жер телімі болып табылады екен. Мұны жергілікті атқарушы орган облыстық прокуратурамен бірлесе жүргізген мониторинг кезінде анықтаған. Осы жиында облыс әкімі Ғали Есқалиев ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарды бос қойғандарды жердің зиянкестері деп есептейтінін айтып салды. Сонымен қатар ол, өткен ғасырдың 80-жылдарында облыста 1,5 млн. га егістік жер болса, қазір 540 га екенін де өкінішпен жеткізген.
Бұдан бөлек аймақ әкімі кейбір азаматтардың пайдаланылмай жатқан жер телімдерінің шеткі аумақтарына тұқым сеуіп, егіс еккен сыңай танытып, мемлекетті алдайтын әрекеттерге баратыны туралы тұрғындардан көп шағым келетінін мәлімдеді. Жыл аяғына дейін облыста геоақпараттық жүйе іске қосылады. Соның негізінде өңірдегі жерлер туралы ақпарат спутниктік мониторинг арқылы алынбақ. Тиісті мамандар спутниктік мониторинг әлгіндей ылдым-жылдым әрекеттердің жолын біржола кесетінін ескертті.
Осыған орай қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан өзінің әлеуметтік парақшасында «Мұндайды күтпедім. Жарайсың Ғали Есқалиев! Ал өзге әкімдер ше? «Nur Otan» партиясы қайда? Латифундистердің мүддесін қорғауды жалғастыра бересіздер ме әлде жерді халық игілігі үшін босатасыздар ма?» деп пікір жазыпты.
Бұл тек Мұхтар Тайжанды ғана емес, көптеген қазақстандықтарды мазалап тұрған бүгінгі күннің сауалына айналып тұр.
Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті.
Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деген болатын. Президенттің осы тапсырмасы аясында атқарушы орган тарапынан қолға алынатын істердің қандай болмағы «Уақыт» газетінің назарында болмақ.

А. САТЫБАЛДЫ.