«Жергілікті әкімдіктегілер спортшыларды еркелетіп жібереді»

Ермұханбет Мәулен, журналист:

Осы аптада Мәжіліс депутаттары «ҚР Дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген. Екінші оқылымда қабылданған заң жобасында спортшылардың допинг ішкені анықталса, оған берілген тарту-таралғының барлығы мемлекетке қайтарылатыны жазылған.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева заңның жаңа редакциясында допингті тұтынған сайыпқырандарға спорттан шеттету, жарыстағы нәтижесін жою, тағайындалған ай сайынғы төлемді тоқтату, құрама және штаттық командалар құрамынан шығару, спорттық атақтан, спорттық разрядтан және біліктілік санатынан айыру, берілген баспана мен ақшалай сыйақыны қайтару сияқты қатаң шараларды қолдану тағайындалғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол, бұл заң бұған дейін марапат алған спортшыларға кері ықпалы болмайтынын тілге тиек етті.
Сала мамандары елімізде өз ұпайын түгендеу үшін қитұрқы әрекеттерге баратын спортшылар бар екенін жасырмады. Ал, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі болып табылатын, экс-депутат Серік Сәпиев мемлекетте артық шығын болмауы керектігін, спортшылар жауапкершілікті сезінуі қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, жаңа заң жобасында допинг қолданғаны анықталса спортшы да, бапкері де мемлекетке 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейтіні шегеленді. Сидней Олимпиадасының чемпионы болған, бүгінде Мәжіліс қабырғасында отырып, ел тірлігіне араласып жүрген Ольга Шишигина «бұл тым қатал жаза емес, ең бастысы біз қылмыстық жауапкершілікке тартып, соттау туралы бапты алып тастадық», -деді.
Еске сала кетсек заңның бірінші оқылымы көктемде болған. Депутаттар кері қайтарған сол кездегі заң жобасында допинг тұтынғаны анықталған жағдайда спортшылар мен бапкерлерге салынатын айыппұл көлемі 50 АЕК болып көрсетілген-тін. Халық қалаулылары мұндай көлемдегі айыппұлды тым аз деп санаған.
Бұл тұрғыда қоғам пікірі қандай? Мәселен спорт журналисті Ермұханбет Мәулен Аzat NEWS-қа берген мәлімдемесінде мұндай реттеуші заң қажет деп санайтынын айта келе, «Кейбір спортшылар Олипиадаға барсам, чемпион болсам, ауыл- ауылды аралап, ағайынның алғысын алып, ат мінсем, пәтерге қол жеткізсем деген бақай есепке баруы мүмкін. Ойыншылардың бұлай емеурін танытуына жергілікті әкімдіктегілердің ықпалы бар. Олар спортшыларды қатты еркелетіп жібереді. Бір облыстың әкімі топ жарған тарландарға пәтер кілтін табыстап, төрге шығарып жатады. Тіпті спортшы чемпион болса, ары қарай депутат болып кететіні туралы анекдот та шықты. Ондай нәрсе болмауы керек. Және спортшыларды ондай жылымыққа үйретпеу керек» деп пікір білдірді.
Енді құжатты Сенат мақұлдап, Президент қол қойса бұл заң келер жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Жаңа құжат заңды күшіне енген соң ел спортшыларының біразы күпінің битіндей сыпырылуы мүмкін. Себебі, Қазақстан спортшылары допингпен анықталған елдер тізіміне 20-шы орыннан көрінеді екен.

М. ӘБДІРАЙЫМ.