Бұқарбай Парманов бұқара сенімін ақтай ма?
Осы аптада Шымкент қалалық әкімдігінде тағы да ауыс-түйіс орын алды. Қала әкімі тағы бір орынбасарын жаңартты.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың өкімімен Бұхарбай Парманов қала әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол бұған дейін Шымкенттегі Абай ауданының әкімі қызметін атқарған. Ат ауыстырған азамат 1986 жылдан бері мемлекеттік қызметтің қазанында қайнап келе жатыр. Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары, Сарыағаш, Төлеби аудандарының әкімі болып еңбек еткен. 2018 жылы Шымкенттегі Абай ауданына басшы болып келген.
Ол 2012 жылдың мамырынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін тапжылмай атқарып келген Гүлжан Құрманбекованың орнына тағайындалды. Өз кезегінде Г. Құрманбекова осы тізгінді алып жүрген жеті жылдан астам уақыт ішінде Шымкент қаласының әкімі алты рет жаңарған екен.
Осылайша Ерлан Айтаханов Шымкент әкімі қызметіне тағайындалғаннан бастап екінші орынбасарын жаңартты. Бұған дейін оның өкімімен Ербол Садыр Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін өз еркімен босатқан
Данат Жуминнің орнына тағайындалған еді. Әзірге қала әкімінің бес орынбасарының екеуі су жаңа кадрлар болып тұр. Ал қалған үш орынбасарының атап айтқанда, Қайрат Нұртай, Нұрсадық Ергешбек, Бауыржан Мамыталиевтің қызметінде қалуы не қалмауы алдағы күннің еншісінде болмақ.
А. САТЫБАЛДЫ.