Нақты жоспар – Жолдауды жүзеге асырудың басты тетігі
Шымкентте мәдениет саласы бойынша жұмыс істейтін 18 мекеме бар. Ол мекемелерде еңбек ететін қызметкерлердің саны 1500-ден асып жығылады. Келер жылдан бастап бұл саланың қазанында қайнап жүрген мамандардың еңбек ақысы артатын болады. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылғы Жолдауында бізге жүктеген басты тапсырмаларының бірі.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына байланысты қалалық актив жиналысы кезінде осылай деді.
Басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, этно-мәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары және жоғары оқу орындарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысқан жиынға қала басшысы Ерлан Айтаханов Жолдауда көрсетілген 5 бағытты айшықтап айтып берді. Және де ол Жолдауда айтылған бес негізгі бағытты іске асыру үшін нақты іс-шаралар жоспары дайындалатынын алға тартты.
Сонымен қатар ол, Жолдауда айтылған бірінші бағыт бойынша Шымкент қаласы әкімдігіне азаматтардан келіп түскен әр өтініш жіті қаралып, жеке қабылдауға жазылған әр тұрғынның мәселесі қатаң бақылауға алынатынын қадап айтты. Шаһарда заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтардың тыныштығын бұзбайтын бейбіт акциялар өткізілетін орындар қайта қаралып, бекітілетінін де атап өтті.
Ағымдағы жылы Шымкенттегі Әл-Фараби, Еңбекші аудандарындағы полиция басқармалары ғимаратында фронт-офистер ашылғаны белгілі. Енді жыл соңына дейін мұндай нысандар Абай және Қаратау аудандарында жұмысын бастамақ. Өз кезегінде бұл ішкі істер саласы қызметінің сапасын арттыру туралы Жолдауда атап көрсетілген тапсырма аясында іске аспақ.
М. ӘБДІРАЙЫМ.