1250 АУЫЛ ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ИНТЕРНЕТКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Бүгінде еліміздегі Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола және Түркістан облыстарында орналасқан 200-ден астам ауыл кең жолақты интернет желісімен қамтылды.
Нәтижесінде өңірлердің қиырындағы елді мекендерде орналасқан 250-ден астам мектеп пен 200-ге жуық аурухана жоғары жылдамдықты интернетке қосылған.
Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бұдан бөлек министрлік жыл соңына дейін 685 ауылда орналасқан 2 мыңнан астам мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланғанын да хабардар етеді.
Жалпы шалғай елді мекендерге кең жолақты интернет желісін жүргізу ондағы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға зор серпін беретін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының өз деңгейінде орындалуы жолға қойылатыны анық. Соның негізінде азаматтар «Электрондық үкімет» порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді үйлерінде отырып алуға және тағы көптеген мүмкіндіктерге ие болатыны сөзсіз.
Жалпы шалғай елді мекендердің интернетке қосылуы 2018 жылдың қазан айында «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ және «SilkNetCom» ЖШС құрамындағы консорциум өкілдерінің ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігімен бірге «Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасы аясында жүзеге асқан. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 56 ауылда орналасқан 177 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдарға байланыс қызметтері ұсынылған-тын.
Жалпы аталған жобаны іске асыру нәтижесінде 1250 ауылда 3 718 мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарға (ауруханалар, мектептер, апаттық қызметтер, жергілікті атқарушы органдар, қорғаныс объектілері және құқыққорғау органдары) жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікпен қамтылады деп күтілуде.
С. ЖҮНІСБЕКОВ.