250 МЫҢ ХАЛЫҚ САПАЛЫ ЖАРЫҚТЫ ТҰТЫНАДЫ

Шымкент қаласы, «Бозарық» шағынауданындағы «Бозарық 220/110/10 кВ» қосалқы станциясының құрылысы ағымдағы жылдың қарашасында толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Егер ол нысан іске қосылатын болса 250 мың адам тұратын 10 жаңа тұрғын үй алабы тәулік бойы сапалы электр жарығымен қамтылады. Қазіргі таңда бұл нысанның құрылысы қарқын алған. Жоба аясында атқарылатын жұмыстарды тыңғылықты жүргізу Үкімет назарында.
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов стратегиялқ маңызы зор «Бозарық 220/110/10 кВ» қосалқы станциясының құрылысымен танысып, нысанды дер кезінде тапсыруды шегелеген болатын. Оған негіз де жоқ емес. Себебі қазіргі таңда Шымкенттің орталығынан шалғай жатқан көптеген елді мекендер сапалы жарыққа жарымай отыр. Жекеменшік компаниялар арқылы тартып отырған электр желілері қалтаны қағады. Оның үстіне сапасы да сын көтермейді.
Кешегі аптаның жұмасында Ерлан Айтаханов қала тұрғындарын жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдауға жазылған азаматтардың бірқатары сапасыз электр жарығы бойынша өздерін мазалаған сұрақтарды алға тартты. Өз кезегінде қала басшысы осы бағытта қолға алынып жатқан жұмыстарды атап өтіп, сала басшыларына тиісті шараларды дер кезінде қабылдау туралы тапсырма берді.