КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗУ – ҚАДІРЛІ ІС
Шымкентте мектеп жасындағы балалардың жүздерін балбұл жандыратын «Мектепке жол»
акциясы аясында бірнеше шаралар өткізілуде.
Өткен аптада «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен демеушілер есебінен Оқушылар сарайында 60 оқушыға оқу құралдары салынған сөмке мен мектеп формасын алу үшін 25 мың теңгенің сертификаты тапсырылған болатын.
Аз қамтылған және көп балалы отбасындағы өскелең ұрпақтың жаңа оқу жылына сақадай сай болып, сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатындағы мұндай акция осы аптада «Фиркан» сауда – ойын-сауық орталығының «Funky Town» ойын алаңында да өткізілді. Әл-Фараби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен болған қайырымдылық акция 200 баланың жүзіне шаттық нұрын сыйлады.
Аудандағы мүмкіндігі шектеулі, жартылай және тұл жетім, аз қамтылған отбасыдан шыққан жанұялардың балаларына жасалған мұндай қамқорлық акциясына жергілікті жердегі атап айтқанда «Сұңқар» клиникасы, «Отау строй», «Визит» ЖШС, «Физули» дәмханасы, «Фиркан», «Қазыбек», «Арман city» сауда орталықтары мен «Акбар» базары басшылары үлес қосты. Яғни, қамқорлық акциясында балаларға оқу құралдары салынған сөмке тапсырылды. Игі шарада балаларға «Балдәурен», «Лейв», Алтын ғасыр» тобындағы өнерпаз замандастары ән шырқап, би биледі. Концерттік бағдарламамен қатар, олардың назарына сайқымазақтың өнерін тамашалау ұсынылды.
Балаларға ерекше қуаныш пен жігер сыйлаған бұл жиында аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов «Кішкентай тұрғындарымыздың мүдделері мен құқықтарын қорғау, оларға шат-шадыман қуаныш сыйлау біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі. Әрбір бала қуаныштың тікелей куәсі болуға құқылы. Бұл ретте жүрегі жылы жомарт жандардың көрсетіп жатқан қамқорлықтары оларға жақсылық сыйлаумен қатар, үлгі ретінде көрініс табуы тиіс» деді.
Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен дәл мұндай қайырымдылық шара бұдан алдын «Наурыз» алаңында өткізілген болатын. Ол кездегі шараға қаладағы «Қырғы базар», «Береке» сауда үйі, «Royal Club Fitnes Centre», «Стамбул» мейрамханасы, «Химфарм» АҚ, «Визит» АҚ, «Имран» сауда үйі басшылығы атсалысып, 150 балаға кеңсе заттары мен сөмкелер табысталған. Сондай-ақ оның ішінде 30 балаға мектепке арналған киім-кешек тарту етілген-тін.
Мұндай игі шарадан Шымкентке танымал кәсіпкер Рәшкүл Оспанәлиевада да аянып қалмады. «Корпорация «Береке А» ЖШС құрылтайшысы ретінде ол өз ұжымындағы 50-ге жуық көп балалы отбасындағы мектепте білім алатын 120 баланың әрбіріне 20 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті.