Ақынбек әулие

Тауды да, құм мен жазықты да Созаққа жиып бере салған
Жаратқанның шексіз құдыретіне бас иесің. Қаратауға Қыдыр
аялдағандықтан, құт дарыған дейді. Қазынасын ешкім
санаған да емес, санай да алмас.

Шет елдердің ішінде технологиясы мен ғылымы, техникасы дамыған- бір мемлекет: «Қаратауды әр жерден үңгіп қазудың қажеті жоқ. Оны шетінен артып таси берсе де болады» деген екен. Қойнауы қазынаға толған өңірдің адамы да сондай рухани бай, әл-ауқаты бір басынан артылып ұрпағына жетерліктей болуы өзі ғұмыр кешкен мекеннің табиғатына тән болса керек.
Кәрі Созақтың өткен тарихын қанша жаза берсең де таусылмас. Ерінбесең болды. Ақыны қаншама?! Найза мен туды қолынан түсірмей өткен ержүрек батыры қаншама?! Қара қылды қақ жарған билер, тілдіге сөз бермес шешендер, елін, жерін қорғап, ат үстінде көз ілген жауынгерлерді санауға сан жетпес. Әрбіріміздің бабамыз батыр болмаса да жауына қылыш сермеп, туған елін, тұғырлы белін қорғай білген жаужүрек жауынгер болғаны ақиқат. Қаратау бөктерін атқа мініп, асықпай аралай білсең сен бұрын-соңды естімеген, құлағыңа шалынбаған, ел есінен таса қалған тарихи әңгімелерге кезігесің.
Осы таудың бөктеріндегі Тасбұлақ деген жерде мен осыдан 16-17 жыл бұрын болғаным бар.
Сарыжаз бен Раңның арасындағы суы мол, шабындығы жайқалған шұрайлы жер екен. Жаз айында бардым. Масадан, шыбын-шіркейден ада, тастаған дәнің бақшалыққа айналар топырағы құнарлы бөктер екен. Басында бұлағы, бақшалыққа ағатын тоспа суы да сарқырап жатты.
Жаз жайлау киіз үйдің іргесін түріп тастап, самаурынның қызыл күрең шайын ішіп, тер басып отырғанымызда сау етіп екі аттылы біз отырған үйге түсті.
Үй иесі Бектан қария:-Әбекең қария келді!-деді де алдынан жүгіре шықты. Келген кісі әйбике руының беделді ақсақалы Әбдімәлік қария екен. Жапа-тармағай амандық-саулық сұрастық. Күннің ыстығынан аздап шөліңкіреп қалған екен. Үш төрт кесе шай ішкен соң, қайтадан амандық сұрасысып, мал-жан түгендестік. Өлкенің шежірелі тарихын жетік білетін қариядан көп әңгіме естідім. Кейін араға 15 жыл салып, жүз жасқа иек артқан Әбдімәлік қариямен әңгімелескенімде сол уақыттағы әңгімесін ұмытпай, тура сол қалпында айтып берді. «Қоспасы жоқ сары алтын» деген теңеу осыған сай келетіндей.
Сонда қария Ақынбек қажы туралы өрелі әңгіменің тиегін ағытып еді. Өзінің ата -бабасынан бастап түп-тұқияндайтын қария, қойы қоралас, ауылы аралас жатқан қазақ ағайынның шежіресін білгенінше шертіп берген еді. Ақынбек қажы, Құлыншақ қажы Кемелұлының замандасы, әрі рулас ағайыны болған. Құлыншақ екеуінің жас шамасы да қарайлас болғанға ұқсайды. Құлыншақ ақын 1841 жылғы туған болса, Ақынбек 1848 жылдары дүниеге келген. Қажылыққа да барған уақыттары да шамалас болса керек. «Жол азабы-көр азабы» деген қиындықты бастан өткере жүріп, сенімдеріне селкеу ұялатпай мұсылмандық парыздарын өтеген. Әрі бұл екеуі кедей отбасынан емес, бақуатты бай отбасынан шыққан. Өрістегі мал кезегін жаюға есек таппай жүрген адам қажылық парызын қалай өтесін. Қолы ұзын, малды дүниелі адамдардың мақсатынан туған асыл парыз болса керек. Әрі халқымызда «ораза, намаз тоқтықта» деген тәмсіл деген айтылмаса керек. Енді Ақынбек қажының өзіне, өмірдерегіне тоқтала кетсек.
Ақынбек қажы 1848 жылы қазіргі Қозмолдақ ауылындағы Саңғыл бидің іргесіндегі Басбұлақ деген шағын ауылда дүниеге келген. Өзі бір атадан-Жүнсейден үш ағайынды тарайды. Үлкені Қалдыбек, ортаншысы Ақынбек, кенжесі Орақбай деген ағалары-інілері өрбиді. Ақынбектің өзінен Оспан, Оспанбек, Қорсынбай, Мұхи, Әлмен, Ахан есімді алты ұл дүниеге келеді. Ақынбек балалық шағында өте зерек, адамды жатырқамайтын көпшіл бала болады.
Қиялына ерік беріп Қаратаудың биік шыңдарына өрмелеп қыран құстың қанатына мініп өзі көрмеген, бірақ көргісі келетін, естімеген бірақ естігісі келетін басқа әлемге сапар шегетін.
Имандылық, әдептілік, тұрақшылдық қасиеттерді ата-бабасының қанымен бойына сіңірген бала Ақынбек адалдық пен адамдық ұғымның егіз екенін біліп, зерделеп өсті. Ақынбек ауыл молдасынан арапша оқып біледі. Оның үстіне Қаратаудың аңғарында отырып, Арқа төсіне сапарға шыққан жолаушылардың әңгімелерін тыңдап, қоржындарындағы кітаптарын тай қалап алып қалып жүріп сауатын молайта ашады. Көбіне көп ол уақытта діни бағыттағы жазба кітаптарды тауып оқитын. Ақынбек 1895 жылы Мекке-Мәдинаға қажылық сапарға бет алады. Жолға деп алдына азын-аулақ мал салып шығады. Сатса қаржы, жесе ауқат саналатын малы жол шығынын өтейді. Ары-берісі бар алты жыл жүріп 1901жылы қажы атанып елге оралады.
Дүниенің төрт бұрышын көрген жандай көкірек көзі ашылып, санасы сергектеніп қажылықтан оралған Ақынбек елге, жұртқа, кейінгі ұрпаққа пайдам тисін, сауаты ашылсын деген ниеттен медресе-мешіт ашады. Қаратаудың құт дарыған қойнауы мен түрлі шөпке бай бөктеріндегі дәрілік шөптерді халықтық медицинаға жаратып пайдаға асырады. Халық денсаулығын жақсартуға жұмсап ел ішінде емші атанады. «Ақынбек емдеген екен, құлан таза айығыпты» деген сөз ол уақытта жиі айтылып, мадақ сөз жиі естіліп жүреді.
Орта жүз қоңыраттың Қоңыр Жиенбеті ішінде Асан атасынан тараған Қалмырза деген бай кісі болыпты. Сол Қалмырзаның жалғыз ұлы шешек ауруымен ауырады. Ол уақытта бұл ауру ел ішінде жаппай тарап, жас балаларды қынадай қырып жатады. Амалы таусылып, бір Алладан медет сұраған Қалмырза Ақынбек қажыны өзі іздеп барып:
– Менің ұлымды ауруынан құлан таза айықтырып бер. Қалағаныңды беремін. Жалғыз ұлымның жаны қалуына қолыңнан келгенін аяма! Еңбегіңді өлшеусіз бағалаймын,-деп жалынышты үнімен үлкен өтінішін айтады. Арада айға жуық уақыт өткенде науқас дендеген баланың бетін бері қайтарады. «Уәде құдайдың аты» демекші Ақынбек емші Қалмырзаның қызы Мінсізді ұлы Мұхиға жар болуын қалайды. Мінсіз әжеміз Мұхиға күйеуге 1918 жылы он үш жасында келеді. Ал бұл уақытта Мұхидың жасы қырық жаста екен.
– Мұхи өте байсалды, салмақты, артық ауыз сөзі жоқ, келбеті түр-тұлғасына сай көрікті, бір сөзді азамат еді,-деп Мінсіз апамыз айтып отырады екен.

– Мінсіз десе мінсіз еді жарықтық. Ақынбек бабаның текті шаңырағына өле-өлгенше дақ түсірмей өтті. Ұлы Отан соғысы жылдары жетім қалған балаларды, жесір қалған аналарды босағасына тартып, талқанын бөліп беріп, бабадан қалған шаңырақтың киелі шаңырақ екенін жан жылуымен дәлелдеп кеткен аяулы ана осы -Мінсіз еді,-деп Әбдімәлік көке ризашылық пейілмен айтып еді. Мінсіз әженің өзі де «Бұл қара шаңырақ тегін шаңырақ емес. Бабамыз қолына құран кітабын алып оқып отырып қара суды теріс ағызған кісі болатын. Тегі тегіннен жаралмаған киелі шаңырақ. Сол себепті алыс-жақыннан келгендер алдымен осы шаңыраққа келіп тізе бүгіңдер» деп айтып отырады екен. Әже туралы әсерлі әңгімені ауыл қариялары жиі айтатынын Ақынбек қажының бүгінгі ұрпақтары Оспанов Әмзе, Ермахан Оразхан, Төлегенов Бақыт, Мұхиев Жәнібектер де қуаттайды. Уақтысында Мінсіз әжеміз туралы Жұматай Молжігітов, Сұлтан Жорабеков сияқты ел ақсақалдары жақсы пікір, жылы сөз, есті естеліктер қалдырған. Бұл күнде ол қариялар келместің кемесіне мініп кетті. Ендігі ұрпақ бабаларының кім болғанын білуі керек. Осы қағиданы ұстанған ұрпақтары Ақынбек қажының басына үлкен күмбезді кесене тұрғызып, есімін қара тасқа қашап жазды. Әруақтардың руқына бағыштап құран оқытып, ас берді. Ескерткіш кесененің айналасын көріктендіру-көгалдандыру мақсатында 100 түп жеміс ағаштарын отырғызды. Алдағы көктемде екі жылдық көшеттер алғашқы жемісін де беріп қалар.
Сондай-ақ жақсы жанның ұрпақтары биылғы жылы тамыздың аяғында елді жиып ас беріп, әруақтарға бағыштап құран оқытып, жастарға ұлттық салт-дәстүрлерді, ұлттық тағамдарды, ұлттық ойындарды насихаттауды ниет етіп отырған жайы бар.
Бұл тарихи танымдық мақаланы жазудағы мақсатым «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақынбек қажы, әрі әулиенің есімін ұлықтау, алаш ардақтыларын тану арқылы өз елінің тұлғаларын кейінгі ұрпаққа насихаттау дер едім.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

Қажы бабаға

Қапалы жанға дем берген,
Құсалы жанға ем берген.
Ризалығын алып Тәңірдің,
Пейіліне кенелген.

Қаратау жері киелі,
Ел біледі көнеден.
Ақынбек баба сізге алғыс,
Бізге қалды өнегең.

Құлыншақ ақын екеуің,
Қажылық сапар шектіңдер.
Иманға мойын ұсынып,
Аллаға сеніп өттіңдер.

Меккені көріп көзбенен,
Парызды өтеп өмірден.
Арманда болмай кеттіңдер.

Жылаған жанды жұбаттың.
Мылқауға дейін тіл қаттың.
Өзгеден ерек ұлтыңды,
Ұлтым деп биік ұнаттың.

Сусаған жұртқа білімнің,
Бұрғыздың көсір арнасын.
Ұраның болды нарбаба,
«Білімсіз ұрпақ қалмасын!»

Медресе салдың кесектен.
Қорықпай от пен өсектен.
Оқыттың қазақ баласын,
Тұрғызып суық төсектен.

Құтқардың талай баланы.
Қызылша, оба, шешектен.
Суды да теріс ағыздың.
Деміңді салып кезекпен.

Дұшпанға болдың мейіріміңді,
Қанша болсын мезі еткен.
Алла да дедің есебі.
Береді өзі кезекпен.

Дәрілік шөппен емдедің.
Ауырған жанды сүзекпен.
Еміңмен елді емдедің.
Науқасы келсе тыз еткен.

Өзің ең мейір иесі.
Пенденің денін күзеткен.

Артыңда қалды ұрпағың,
Кесенең тұрды жаңғырып.
Есімін қалды еліңде.
Қаратау төсін ән қылып.

Әруақ құдай жар болып,
Қабыл ет елдің тілегін.
Ауылға қырдан қарайды,
Ұрпағым деген жүрегің!

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.