Гүлнара Каримованың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы, қазір Ташкент түрмесінде қаржы қылмысына байланысты жазасын өтеп жатқан Гүлнара Каримованың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды.
Өзбекстан бас прокуратурасы 19 тамызда таратқан ақпаратта Каримова екі цемент зауытындағы мемлекеттің үлесін «негізгі құнынан арзанға» заңсыз сатып алған және кейін шетелдік кәсіпкерлерге сатқан деген күдікке ілінген. Прокуратураның мәліметінше, күдікті сатып алушылардың «кейінгі заңсыз іс-әрекетін қорғаштап, мемлекетке аса ірі көлемде зиян келтірген».
Бұған қоса бас прокуратура Каримова «азаматтар мен түрлі компаниялардың иелерін күш көрсетемін деп қорқытып, олардың мүлкін өзіне тиесілі компанияларға аударуға мәжбүрлеген» деп хабарлады.
Азаттық хабарласқан Каримованың адвокаты Грегуар Манжа клиентіне қарсы тағылған жаңа айыптарға байланысты пікір білдіруден бас тартты.
Биыл наурызда Өзбекстан билігі үйқамақта отырған 47 жастағы Гүлнара Каримованы «жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзғаны үшін» түрмеге қамаған. 2017 жылы желтоқсанда Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айырған. 2018 жылы шілде айында сот Каримованың жазасын жеңілдетіп, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған.
Өзбекстан билігі Каримованың шетелдегі жалпы құны бір жарым миллиард доллардан астам мүлкін мемлекет иелігіне қайтарғысы келеді. Шілде айында адвокат Манжа Швейцария билігі Каримованың ісі бойынша тәркіленген 555 миллион долларды Өзбекстанға қайтаруды тоқтатып қойғанын хабарлаған. Заңгердің мәлімдеуінше, мұндай шешімге Каримованың құқығы бұзылғаны және оған дер кезінде медициналық көмек көрсетілмегені туралы хабарлар негіз болған.
Маусым айында Гүлнара Каримованың қызы Иман қамауда отырған анасының денсаулық жағдайы нашарлап кеткені туралы мәлімдеме таратқан.
Бір кездері Өзбекстандағы ықпалды тұлғаларының бірі саналған және кәсіпкер әрі әнші ретінде де танылған Гүлнара Каримова 2014 жылы президент әкесінің қырына ілінген соң көпшілікке көрінбей кеткен. Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан бастап 2016 жылы қайтыс болғанға дейін басқарған.
Орта Азия
жаңалықтар қызметі.