Шілдеде 4000-нан астам көлік құралы шығарылған

Қазақстанда автокөлік жасау мен автобустарды құрастыру көрсеткіші жыл сайын артып келеді.
Бұл туралы Қазақстан автобизнес қауымдастығы мәлімдейді. Мәселен, 2019 жылдың қаңтар-шілде айында елімізде 24 687 көлік құралы жасалған. Оның 22 280-і жеңіл автокөлік болса, 1 196-сы жүк көлігі, 754-і автобус, 35-і арнайы техника, 422-сі тіркеме мен жартылай тіркеме болып табылады.

Еліміздегі жалғыз автожасаушы – экспорттаушы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» кәсіпорны шілде айының өзінде Ресей нарығына 694 JAC кроссоверін жөнелткен. Жалпы жыл басынан бері экспортқа 6 512 млн. теңгенің дәл осы маркадағы 1 219 көлігі жіберілген.
2019 жылдың шілде айында барлық үлгідегі 4 064 көлік құралы шығарылып, автоөнеркәсіптің нарықтық үлесі сол айда 61 пайызға бір-ақ жеткен. Мамандар мұны жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш деп санайды. Биыл 7 айдағы жиынтық нәтиже өткен жылдың дәл осындай кезеңіндегі көрсеткіштен 65,1 пайызға артық болып тұр.