ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ОРЫНДАЛАДЫ МА?

Кеше Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында Тамыз конференциясы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ауқымды жиынға еліміздің әр аумағынан ұзын-ырғасы 2 мыңнан астам ұстаздар қауымы келді. 2019-2020 жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілген басқосуда Президент Үкіметке білім саласына қатысты бірнеше түйіткілді түбегейлі шешу туралы тапсырма берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Турасын айту керек. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы ең төмен деңгейде қалып отыр және экономика бойынша орташа жалақының 65 процентін ғана құрайды», — дей келе, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
Егер Үкімет берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын болса төрт жылдың ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге дейін өсетін болады. Сонымен қатар ұстаздар қауымына сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін төленетін қосымша ақы да екі есеге артады. Жас ұрпақ санасына сәуле шашатын мұғалімдердің кезекті еңбек демалысының мерзімі 56 күнге дейін ұлғайып, магистр дәрежесі үшін үстемақы төлеу тетігі қарастырылады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы үштілді білім беру жүйесін енгізу мәселесін жан-жақты талдап, салмақты шешімге келу қажеттігін алға тартты. Бұл ретте ол Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деген өнегелі сөзін тілге тиек ете отырып, «ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын», — деді.
Сондай-ақ, Президент ұстаздар қауымына әрдайым ізденіс үстінде жүріп, сапалы білімді маман болулары аса маңызды екенін мәлімдеді.
Қазіргі таңда елімізде жас ұрпаққа білім беретін мектептердің 128-і
үш ауысымда, 31-і апатты жағдайда жұмыс істейді. Мемлекет басшысы бұл мәселенің де өзегін тарқату қажеттігін айтты.
Тамыз конференциясының Пленарлық мәжілісінде еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерге әліппенің қайтарылатынын мәлімдеді. Ведомства басшысы «Ұстаздар мен ата-аналар көптен бері әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл өте маңызды. Біз Әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізілетін болады. Әліппе сынақ өткізетін алаң емес. Бізде нақты қазақ тіліне бейімделген әдістеме бар. Ол Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі. Сондықтан ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеме негізінде жұмыс жүргіземіз» деді.
Ендігі кезекте осы жылғы Тамыз конференциясында айтылған мәселелердің жүзеге асатыны немесе сол күйі түйіткүл күйінде қалатыны Премьер-Министр Асқар Мамин бастаған Үкімет мүшелерінің іскерлігіне тікелей байланысты болатыны сөзсіз.

А. САТЫБАЛДЫ.