ШЫМКЕНТТІК 390 ТҮЛЕК ӘЛЕУМЕТТІК БІЛІМ ГРАНТЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТАНАДЫ

Биыл оқуға түсетін талапкерлер үшін мемлекет тарапынан 53 785 грант бөлінген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен осы грантқа ілікпей қалған көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының балалары үшін тағы да қосымша 5 мың әлеуметтік гранты бөлінген-тін.
Енді аталған жеңілдік бойынша талапкерлерге білім грантын тағайындауды жергілікті атқарушы орган 25 тамызға дейін жүргізетін болады.
Осы аптада әлеуметтік грантқа қол жеткізу үшін ұйымдастырылатын конкурсқа құжаттар қабылдау жүргізілгенін айта кетейік.
Қосымша бөлінген әлеуметтік грантын жергілікті атқарушы орган конкурстық негізде үлестіреді. Бұл үшін республикалық маңызы бар қалалар мен өңір әкімдіктерінде конкурстық комиссиялар құрылады.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігі конкурсқа қатысу үшін құжатын өткізген талапкердің Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша – кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына – кемінде 50 балл, «педагогикалық ғылым» бағыты бойынша – кемінде 60 балл жинау керектігін алға тартып отыр. Конкурстың нәтижесі бойынша грантқа ие болғандардың тізімін әкімдік жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын болады.
Президенттің тапсырмасымен бөлініп жатқан 5 мың әлеуметтік гранты өңірлерге әртүрлі бөлінген. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласына – 165, Алматы қаласына – 190, Шымкент қаласына – 390, Алматы облысына – 540, Ақмола облысына – 390, Ақтөбе облысына – 180, Атырау облысына – 220, ШҚО-ға – 180, Жамбыл облысына – 460, БҚО-ға – 100, Қарағанды облысына – 195, Қостанай облысына – 85, Қызылорда облысына – 390, Маңғыстау облысына – 305, Павлодар облысына – 75, СҚО-ға – 60 және Түркістан облысына 1345 грант бөлініп отыр.
С. НҰРАЙ.