ПАРА БЕРУ ПАЙДА ӘКЕЛМЕЙДІ
Пара алу және пара беру заңмен жазаланады. Сондықтан да оған жол бермеу мемлекеттік ақпаратта ғана емес, әрбір адамның санасында көрініс табуы керек. Осы мақсатта Шымкентте «Таза тамыз» рейді ұйымдастырылды.
Шымкент қалалық Полиция департаменті мен Арнайы мониторингтік топтың өкілдері қатысқан бұл профилактикалық іс-шараның өтуіне ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары ұйытқы болды.
Қазіргі таңда жүргізушілер арасында «темір тұлпарды тізгіндегендер қандай да бір жол ережесін бұзсаң, айыппұл төлеп әуре болмай, пара беріп, тығырықтан шығып кетуге әбден болады» деген қасаң пікір қалыптасып кеткен. Жасыратыны жоқ ондай келеңсіздіктерге көз жұма қараған әрекеттер де тіркелген. Бірақ бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қала көшелері мен даңғылдарға орнатылып жатқан бейнебақылау камералары ондай өрескелдікті айналып өтуге жол бермейді. Соған қарамастан кейбір жүргізушілер пара беруді үлкен айыппұлдардан құтылып кетудің амалы деп түсініп, сыбайлас жемқорлықтың көрініс табуына жол беруі ғажап емес. Өз кезегінде бұл заңды белден басуға жатқызылады. «Таза тамыз» шарасы аясында жол полиция қызметкерлері жүргізушілерге осындай мағынада түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды келеңсіз көріністің кебін кимеуге шақырды.
Сонымен қатар жүргізушілерге «Шымкент адалдық алаңы» жобалық кеңсесі дайындаған арнайы жадынамалар таратылды. Үлестірілген үнпарақтарда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің жолдары, пара ұсынған да, оны алған да жазаға тартылатыны жіті түсіндірілген. Айтпақшы, осы шара кезінде сақшылар жол ережесін елемеген жүргізушілерді тоқтатып, оларға хаттама толтырып, ескерту жасады.
Шараны ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық жұмыс алдағы уақытта да өткізілетінін атап өтті.
С. НҰРАЙ.