ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ШЫНДЫҚТЫ БҮКПЕЛЕП ЖҮР МЕ?

ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ Ж. АСАНОВТЫҢ ҚАПЕРІНЕ!

Облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбеков кейбір судьялардың сыбайлас жемқорлық істеріне неге көз жұма қарайды?

«С-информ» газетіндегі «ЕТ САСЫСА ТҮЗ СЕБЕСІҢ, ТҰЗ САСЫСА НЕ СЕБЕСІҢ? немесе Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбековтің өзі коррупционер ме?» атты мақаласын оқи отырып санамызға осындай сауал сап ете қалды. Материалда төмендегідей деректер негіз етіп алынған.

Осыдан бірер жыл бұрын, дәлірегі 2016 жылдың қоңыр күзінде облыстық соттың судьясы Мұхтар Парменов құзырлы орган тарапынан тергеп, тексерілген бір іс бойынша екі шешім шығарған. «Бір іс бойынша қатарынан екі бірдей сот актісін шығару заң талаптарына қайшы» дейді мақала авторы Амангелді Батырбеков.
Бұдан бөлек облыстық соттың апелляциялық алқасындағы Нұрмахан Жұматаев, Айман Құлшықова, Альбина Чокморова есімді судьялары жауапкер әйелдің заңсыз сенімхатпен қатарынан төрт сот отырысына қатысқанын, соған қарамастан ол сот отырыстарының барлығы заңды күшін жоймаған. Тіпті келесі сот отырысы кезінде судья әлгі жауапкер әйелдің датасы мен шығыс нөмірі көрсетілмеген сенімхатын іс материалдарына заңды құжат ретінде тіркеп, орын алған дау бойынша сол тараптың пайдасына шешім шығарып берген.
Қоғам белсендісі Амангелді Батырбеков өзі куә болған осы жәйттерге байланысты дәлел-дәйектерін алып, Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбековтың қабылдауында болған. Алайда одан ешқандай нәтиже болмаған. Облыстық соттың төрағалығын тізгіндегеніне екі жылдан сәл асқан Талғат Баратбеков мырза А. Батырбековтың базынасын тыңдап, бас шайқағаннан басқа әріге бармаған.
Амангелді Батырбековтың базынасына төраға Талғат Баратбековтың басын шайқауы, ондағы деректердің шындықтың ауылынан алыс еместігін аңғартпай ма? Ал егер жоғарыда «аттары аталып, түстері түстелген»
судьялардың шығарған шешімдері заң
аясында қабылданған болса, оны тәптіштеп түсіндіріп беретіні анық еді ғой. Қалай болғанда да төраға Талғат Баратбековтың жарық көргеніне жарты айдан асқан мақала бойынша ләм-мим деп уәж айтпауы әлігі судьялардың даулы істер бойынша шешім шығаруы кезінде кілтипанның көрініс табуына жол бергендігі туралы күмәнді қоюлата түсіп отыр.

Қ. ҚАЛИЕВ.