МӘМС жүйесі кепілдендірілген тегін медициналық қөмекті тоқтатпайды
Келер жылдың 1-қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізілетіні белгілі. МӘМС жүйесінің енгізілуі бұған дейін жолға қойылып келген кепілдендірілген тегін медициналық көмек қызметін тоқтатпайды.
Тек аталған жүйелер бойынша көрсетілетін қызмет түрлері алдын ала бекітілген талаптар негізінде іске асырылады. Яғни, 2020 жылдан бастап тұрғындарға медициналық қызмет көрсету міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесі бойынша жүзеге асатын болады. Қазақстан Үкіметі аталған жүйелер бойынша көрсетілетін қызметтер тізімін заңды түрде бекітіп те қойды. Ал бұл пакеттердің айырмашылығы қандай?
Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта осы жаңашылдықты түсіндіру мақсатында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Найля Кийкбаева арнайы баспасөз брифингін өткізді.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Найля Кийкбаева екі пакеттің аражігін былай деп тарқатты.
– Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін еліміздің барлық азаматтары пайдалана алады. Оған жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек (айықпас дертке шалдыққан науқастардың ауруын жеңілдету мақсатында көрсетілетін қызмет) түрлері енгізілген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы сырқаттардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық, қажет жағдайда жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмектермен қамтамасыз етіледі. Амбулатория деңгейінде оларға дәрі-дәрмектер үлестіріледі.
Ал бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлеріне тұрғындар МӘМС пакеті шеңберінде қол жеткізетін болады. Бұл туралы Н. Кийкбаева:
– Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне енгізілмеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, және де осы пакетке жатпайтын ауру түрлеріне шалдыққан азаматтарға жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және науқас денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін МӘМС жүйесі қамтитын болады, — деді.
Естеріңізге сала кетсек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржы операторы болып табылады. Кепілдендірілген тегін медициналық қызметтер бюджет қаржысы есебінен, ал МӘМС пакетіне енетін қызметтер қордың активтері есебінен сатып алынады.
Қазіргі таңда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» Қазақстан бойынша 186,2 млрд. теңге көлемінде жарна аударылды. Жиналған қаржы 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Дәл қазіргі таңда қорға түскен теңгенің барлығы Ұлттық банкте сақталуда.
Естеріңізге сала кетсек, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің (ТМККК) жаңа үлгісі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі медициналық көмек пакеті ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасы негізінде әзірленген болатын.
М. Әбдірайым