«ШЫМКЕНТТІҢ ТҮРКІСТАН МЕН ТАШКЕНТКЕ ЖАҚЫН ОРНАЛАСУЫ ТУРИЗМНІҢ ДАМУЫНА ОҢ ӘСЕРІН ТИГІЗЕДІ»

Асқар МАМИН, ҚР Премъер-министрі:

Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2017 жылғы халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс» деген. Шымкент 2018 жылдың маусым айында дербес қала статусын алып, миллион тұрғыны бар мегаполис атанған болатын. Өз кезегінде бұл қалада құрылыстың қарқын алуына, өзге де салалардың даму көкжиегіне бет алуына жол ашқаны сөзсіз. Осы бағытта жергілікті билік Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын жасады.
Осы аптадағы ҚР Үкіметінің отырысында Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мегаполисті мінсіз ететін бұл кешенді жоспар 10 бағытты қамтитын 89 жобадан тұратынын алға тартты. Және ол жобалардың барлығын жүзеге асыру үшін 1 трлн. 284 млрд. теңге қажет болса, соның 836 млрд. теңгесі немесе 65 пайызы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Республикалық бюджеттік комиссия отырысында қолдау тапқан қаланы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес алдағы уақытта Шымкентте төмендегідей жұмыстар атқарылады.
Келешекте Шымкент тұрғындарын жылумен, жарықпен, көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз ету мақсатында «АГРС-3» және 6 электр подстанциясының құрылысы қарқын алады.
Қалада көлік инфрақұрлымын дамыту бойынша 11 жоба іске асырылады. Соның негізінде 2020 жылы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысымен темір жол вокзалын жаңғырту жұмыстары толық аяқталады. Алматы-Ташкент тас жолында да көлік әлеуетін арттыратын кең ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы түйіткілдердің түйінін тарқатуға ықпал ететін бұл жұмыстарды Премьер-министр Асқар Мамин ERG компаниясының жеке инвестициялар есебінен аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар 2023 жылға дейін қаланың «Әкімшілік іскерлік орталығы», «Тұран», «Шымкент-сити» шағынаудандары мен Қошқар ата өзені жағалауында барлығы 319 көпқабатты тұрғын үй бой көтеретін болады. Ондағы пәтерлер саны 20 мыңнан асып жығылады. Бұл аумақтарда қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылымдық жүйелер тартылуда. Жалпы үшінші мегаполисте 2023 жылға дейін тұрғын үймен қамту көрсеткіші бір тұрғынға шаққанда 24 шаршы метрден 27 шаршы метрге дейін жетеді.
Қазіргі таңда қаланың демографиялық көрсеткішінде өсу динамикасы байқалады. Мектеп табалдырығын аттайтын оқушылардың саны жыл сайын 10 мың өренге артып отыр. Салдарынан бүгінде 19 мектепте үш ауысымға өту қаупі бар. Мұндай қолайсыздықты алдын алып және оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылға дейін 23500 орынға лайықталған 15 мектеп салу көзделіп отыр. Таяуда ғана Шымкенттегі «Ұлағат» шағынауданында 1200 орынға шақталған мектеп жеке кәсіпкердің есебінен ел игілігіне берілген болатын. Қала басшысы алдағы уақытта да осындай жекеменшік білім ұяларының саны көбейетінін алға тартуда.
Елбасы 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы қажеттігі туралы тапсырма қойғаны белгілі. Бұл межені жүзеге асыру үшін аталған мәселе өңірлерде күн тәртібінен түспей келеді. Қаланы дамытудың кешенді жоспарында да спорт саласын дамыту тұтастай бір бағыттан тұрады. Яғни, межелі мерзімге дейін Шымкентте спорт саласы бойынша 3 жоба жүзеге асырылады. Соның негізінде миллионды қаланың 30 пайызы спортпен айналысушылардың қатарынан табылмақ. Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадион мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде қайта қалпына келтіріліп, нәтижесінде нысан 4 категориялы УЕФА талаптарына сәйкестендіріледі.
Шымкентте 2100 орынға лайықталған Конгресс орталығының салынуы мен ескі қалашық «Цитадельдің» қалпына келтірілуі мәдениет саласының дамуына тың серпін бередіі. Премьер-министр Асқар Мамин «Цитадель» қалашығын қайта қалпына келтіру мен халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағының құрылысын аяқтау туристердің қалаға көптеп ағылуына арқау болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол, Шымкенттің географиялық орны яғни, қаланың Түркістан мен Ташкент қалаларына жақын орналасуы, туризм саласының дамуына оң әсер ететінін айтты.
Кешенді жоспарға сәйкес алдағы уақытта денсаулық сақтау саласы бойынша жеке инвестордың есебінен 1000 орынды көпсалалы аурухана салынады. Ал жергілікті бюджет қаражатымен 13 алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы ашылады. Қошқар ата өзенінің бойы адамзатты өзіне бірден баурап алатын әсем де көрікті орынға айналады.
Бұдан бөлек тәртіпсіздікке жол берген тентекерді тез анықтап, оларды тезге келтіретін полициялардың жұмысын жандандыру мақсатында бірыңғай басқару орталығы іске қосылады. Бұл орталық қандай да бір қылмыстардың алдын алуға және жедел шараларды қабылдауды оперативті жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, үшінші мегаполисте жаңадан «Жұлдыз», «Шымкент агро» индустриалды аймақтары ашылады. Оларға 24 млрд. теңге инвестиция тартылып, аталған жерде 3500 бос жұмыс орны ашылады.
Іргелі қаланы ілгері бастыратын бұл жобалардың барлығын жүзеге асырудың негізінде Шымкентте өңірлік өнім көрсеткіші 2018 жылғы 2 триллион теңгеден, 2023 жылы 3,5 триллион теңгеге дейін жетіп, 175 пайызға өседі. Өнеркәсіп өнімінің көлемі екі есеге ұлғаяды. 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, әлеуметтің әл-ауқаты артады.
Мегаполис басшысы Ғабидолла Әбдірахымов кешенді жоспардағы бағыттарды жүзеге асыру қала аумағын ықшам салуды және оңтайландыруды, инфрақұрылым игілігін тиімді пайдалануды қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар тудыратынын жеткізді.
Өз кезегінде еліміздің Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлы «Шымкент – Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі. Кешенді жоспарды жүзеге асыру қалаға тартылатын инвестициялардың көлемін бес жылдың ішінде 1 триллион теңгеге жеткізуге жағдайлар тудыруға мүмкіндік береді» деп атап өтіп, инвестициялық әлеуетті арттыру мақсатында жаңадан ашылатын «Жұлдыз» және «Шымкент агро» индустриялық аймақтарының құрылысын қамтамасыз етуді, «Оңтүстік» АЭА-ның құлашын кеңге жаюды тапсырды.
Естеріңізге сала кетсек Шымкент қаласының 2023 жылға дейінгі дамуының және құрылысының кешенді жоспары Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жасаған жұмыс сапары кезінде жүктелген нақты міндеттері негізінде әзірленгенін айта кетейік.
Айтпақшы Үкімет отырысынан оралған соң Ғабидолла Әбдірахымов қалалық әкімдікте мәжіліс өткізді. Ол қаланы дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру механизмдерін дайындап, бекітуді қадап айтты. Және кешенді жоспарда көрсетілген әрбір бағытқа жауапты адамдардың бекітілетінін, мақсаттар айқын болғанмен, мерзім қысқа екенін, сол үшін ширақ қимылдау қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар ол, депутаттар да өз сайлаушыларымен жүздесіп, оларды алда атқарылатын жобалармен таныстыру керектігін жеткізді.

М. Әбдірайым.