Қапбарова сенат депутаттығына кандидат болып ұсынылды

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс қырық тоғызыншы сессиясында депутаттар ҚР Парламенті Сенаты депутатының орнына кандидат ұсыну мәселесін қарады.
Соған орай «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалының фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов депутаттарға «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-нің директор-бас редакторы Айгүл Қапбарованың кандидатурасын ұсынды. Қалалық мәслихаттың барлық мандаттылары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Өз кезегінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына үміткер болып ұсынылған А.Қапбарованың лайықты кандидат екенін атап өтіп, оған алдағы жауапты кезеңге сәттілік тіледі. Сессияда қала әкімі Ғ. Әбдірахымов Айгүл Жарылқасынқызының қаланың дамуына өз үлесін қосып келе жатқанын, тәжірибесі әбден толысқан маман екенін, бұл лауазымның үдесінен шығуға дайындығы жеткілікті екенін, жоғары заң шығарушы органда біліктілігін көрсететініне оған зор сенім артатынын жеткізді.
Айгүл Жарылқасынқызы 22 жылдан бері журналистика саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Алғаш еңбек жолын 1997 жылы облыстық телерадиокомпаниясының редактор-тілшісі болудан бастаған. Кейіннен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің саясат бөлімінің меңгерушісі болып жемісті жұмыс істеген. Бүгінде «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-нің директор-бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарып келеді.
Естеріңізде болса өткен жылдың қазан айында облыстан бөлініп дербес қала атанған Шымкенттен Сенат депутаттығына сайлауға қатысқан алты кандидаттың ішінен Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды басым дауысқа ие болып жеңіске жеткен болатын. Өз кезегінде оларды сенаторлыққа Шымкент қаласының мәслихаты ұсынған-тын. Бірақ жарты жылға жуық уақыт өткен соң Дархан Сатыбалды Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалған. Енді оның орнына Сенат жұмысына қатысуға лайықты деп Шымкент қалалық мәслихаты Айгүл Қапбарованың кандидатурасын ұсынып отыр.
«Уақыт» газетінің ұжымы кез келгенді жалынан ұстата бермейтін журналистика саласында мойындалған ардақты әріптесіміз Айгүл Қапбарованың осы саяси шарада асығы алшысынан түсуіне тілектестік білдіреді.

«Уақыт».