«ҚАҢТАРДАН БАСТАП БАРЛЫҒЫН ҚАТЫРАМЫЗ» ДЕГЕН ҚАСЫМОВ ҚЫЗМЕТІНЕН НЕГЕ КЕТТІ?
Былтыр Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов үшінші мегаполисте медициналық қызмет сапасын барынша жақсарта түсетінін айтып, осы мақсатта жүзеге асырылатын бірнеше жобаларын әкімдіктің кезекті отырысы кезінде жұртшылыққа сүйіншілей жариялаған еді. Өз кезегінде Әбдірахымов шымкенттік ақ халаттылардың білім-білігін көтеріп, ал ауырып ем іздегендер жедел көмекке қол жеткізу үшін көпқабатты үйлердің бірінші қабатынан дәрігерлік-амбулаториялар ашуға ұйытқылық танытатынын мәлімдеген болатын.
Бұл туралы ол ойын «Қаладағы барлық көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатынан отбасылық дәрігерлік амбулатория ашу керек. Мысалы, баланың тамағы ауырып немесе өзге де сырқаттардың жеңіл түріне шалдықса, тұрғындар міндетті түрде ауруханаға барып, бірнеше сағатқа ұласатын ұзын-сонар кезек күтіп отырмауы қажет. Сырқаттандың ба, үйіңнен шығып, дәрігерге қарала саласың.
Егер ауыр жарақат алған, хирургиялық емді қажет ететін науқас болса ауруханаға, бала босану үшін перзентханаға баруға болады. Еуропада сондай», — деп өрбіткені әлі есімізде. Бұл жаңалық шымкенттіктерге майдай жақты. Сол кезде әкім осы бастаманы қолға алуда жаңадан құрылған денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Нұрлан Қасымовқа (суретте) көп сенім артып еді. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалған Нұрлан Қасымовта көп ұзамай әкімнің айтқан сол бастамаларын ары қарай жалғап, жағы талмай жарнамалап, тіпті бұл бастаманы бірқатар сұхбаттарда ең басты жаңалық ретінде алға тартқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ол, 2019 жылдың қаңтарынан бастап Шымкентте алғашқы медициналық санитарлық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында орталықтан қашық жерде орналасқан шағынаудандарда және көпқабатты тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында отбасылық денсаулық орталықтарын және дәрігерлік-амбулаториялар ашу жұмыстары қолға алынатынын, бұл тұрғыда қазір кәсіпкерлер мен шағын бизнес ұйымдарымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын, сөйтіп біздің медициналық мекемелердің қызметіне жүгінген тұрғындар мен қонақтар республикалық маңызы бар қаланың әлеуетін сезінетін күннің ауылы алыс болмайтынын айтып сендірген-тін.
Қызметіне білек сыбана кіріскен басқарма басшысы Н. Қасымов сол кезде «Асар», «Достық» «Қайнарбұлақ» сияқты қала іргесіндегі халық тығыз орналасқан елді-мекендерде дәрігерлік амбулатория ашуды, бірқатар емханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді, дәрігерлік учаскелердегі адам санының жүктемісін төмендетуді, жедел жәрдем көліктерін алуды, Call-орталықтың жұмысын жоғарғы деңгейге көтеруді толығымен шешу сынды тапсырмаларды тыңғылықты тындыратынын айтқанын да ел ұмыта қоймағаны анық. Бірақ Қасымовтың 2019 жылдың қаңтарынан бастап атқарамын деген бұл жобаларының нақты қашан басталып, қашан іске асатынын айту былай тұрсын, болжаудың өзі қиындау болып отыр. Себебі алыстан аттай қалап алдырған сол Қасымов осыдан бір жұма бұрын қызметінен кетті. Аттан түскен экс-басшы қызметтен босауын отбасылық жағдаймен байланыстырыпты.
Қарамағына қаладағы 14 емхана, 10 аурухана, 4 оңалту орталығы, жедел жәрдем станциясы, тіс емханасы, диагностика, СПИД, залалсыздандыру, қан орталықтары, бөбектер үйі, медициналық колледж қарайтын Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының тізгіні кімге тапсырылатыны әлі белгісіз. Бір қызығы, Қасымовтың Шымкент қаласы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалғанына бірер айдың жүзі толып, қызметіне енді икемделе бастаған кезде, соған орай халық оның арқаланып айтқан жоба-жоспарларының нақты орындалуын ой елегінен өткізетін уақыт сағаты келгенде бұлайша қызметтен кетуінің нақты себебі ашық дереккөздерде айтылып жатқандай отбасылық жағдайға байланысты болғаны, не болмағаны бізге белгісіз. Бізге аян болып тұрған нәрсе ол шымкенттіктердің денсаулығын жақсартуда қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың да, қалалық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы Н. Қасымовтың да халық алдында «семіз сөйлеп, арық шыққаны» болып тұр.
Әкімнің көп қабатты үйлердің бірінші қабатынан дәрігерлік амбулатория ашу туралы Еуропада көрген «ноу-хауын» үшінші мегаполистегі денсаулық сақтау жүйесіне енгіземін деген бұл екпіні өткен жылдың қазан, қарашасында баршаға мәлім болған. Сол кезде «Уақыт» газеті «мұндай ауқымды жобаны аз уақыттың ішінде алып шығуға Әбдірахымовтың командасының шама-шарқы жете ме?» деген сауалды көлденең қойған болатын. Барлығына төреші бүгінгі уақыт әкімнің бұл жобаларының созбалаңдыққа салынғанын анық көрсетіп тұр. Енді оның қай уақытта сөзден іске көшетінін айтудың өзі қиындау. Сонымен қатар, Нұрлан Қасымовқа жүйелі жұмыс істеуге өзінен бір саты жоғары тұрған басшылардың мүмкіндік бермегені ел ішінде аракідік айтылып жүр. Қаладағы бас дәрігерлерді тағайындау, оларды қызметтен босату сынды шаруаларды басқарма басшысы емес, тікелей қала әкімінің орынбасарлары жүргізіп келген. Жалпы, Қасымов қағаз жүзінде басқарма басшысы болғанымен, шынайы өмірде бәрі басқаша өрбіген. Бұл әрине ел ішіндегі әңгіме. Жел сөз болғанмен, шындықтың ауылына жақын да емес, бірақ алыс та емес. Алдағы уақытта осы мәселенің шындығы қап түбінде жатпасы анық. Әліптің артын бағып көрелік.
Қ. ҚАЛИЕВ.