АТЫ БАР ДА, ЗАТЫ ЖОҚ ГАЗЕТТІҢ АТЫН ЖАМЫЛУ ҚАШАН ТИЫЛАДЫ?
Қазіргі таңда алтын уақытымыздың біраз бөлігін алатын фейсбук әлеуметтік желісі арқылы әр адам өзіндік ой-пікірін айтып жататыны белгілі. Жасыратыны жоқ олардың арасында құр әншейін сылдыр сөздерден құралған, қатесінен көз сүрінетін жазбалар да жетерлік. Тиісінше пайымды пікірден тұратын, жөн сөзден құралған, толғақты тақырыптарды қозғаған посттарды да көп байқайсың. Жуырда Шымкент зообағының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаевтың өзінің фейсбук парақшасы арқылы көпшілік назарына жеткізген ұсынысы соған негіз болады. Қоғамда болып жатқан кез келген жағдайларды сырттан бақыламай, оған бей-жай қарамайтынын нақты іспен көрсетіп жүретін ол кісі көпшілік назарына ұсынған постында былай деп пікір білдіріпті.
«Бүгінде арамызда ауыл-аймақты аралап, ондағы мектеп пен балабақшаларға ат ізін салып жылына бір рет шығатын газетімен қорқытып, өзін «қоғам белсендісімін», «агенттік төрағасымын» деп таныстыратын біреу бар. Біреу дейміз-ау…. Жалпы мұндайлар көп. Негізінде жоқ газеттің атын жамылып жүретіндер нағыз алаяқтың өзі емес пе деген сұрақ пайда болады осындайда?! «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігіненмін деп Сардар есімді азамат жазды. Интернет желісінен іздедік, ресми атаумен шықпады. Газеті де жоқ. Facebook әлеуметтік желісінде «Астарлы ақиқат» деген парақша бар. Сол азаматты Шымкент қаласы білім басқармасының «Балапан» бағдарламасы бойынша комиссия қатарында отырғанын көрдік. Комиссия құрамын белгісіз біреулерден жинаған дұрыс емес».
Осылай деген ол өз сөзін «Басқармалар жанынан құрылған комиссия құрамына журналист қосу қажет болса Журналистер одағының төрағасы немесе төрайымының кеңесіне жүгінген дұрыс сияқты. Ал блогер қажет болса оның парақшаларымен танысып азаматтық ұстанымын байқап бағамдау артықтық етпейді» деген ұсыныспен қорытыпты.
Осы жазбаға журналист Сәбит Тастанбек «Орынды мəселе! Қолдаймын. Журналистке еркіндік керек дейміз ғой. Дұрыс-ақ. Бірақ еркіндік дегенді журналист білгенін істеу, ойына не келсе соны жазу деп түсінсе, онда қоғам тұйыққа тіреледі. Қазір рас БАҚ дегеніңіз саны жетіп артылады. Сапасы ше, міне, бұл үлкен мәселе өткір. Өзіңді журналистік мамандыққа арнап, таңдағаннан кейін, сол жолда аянбай, ең алдымен обьективно қызмет еткен дұрыс. Бұл журналистің алдында тұратын үлкен борыштардың бірі. Олай ете алмаса, бұл кәсіпті текке таңдап, һакім Абай айтқандай, ел арасын сөзбен былғап не керек! Бұл журналистиканың да, әріптестің де беделін түсіреді», — деп пікір айтады. Айтылған ойлардың арасында Әділхан Абайұлы есімді қаламгер де қарап отырмай «Пікірімнің комиссияға қатысы жоқ. Айтайын дегенім — газетін алға тартып, жөнсіз үркітіп, сауатсыз сынымен «сипап» жүретін əріптестерді естігенде қынжыласың. Сол аңқау елді қорқытып, ары кетсе жаман-жəутік айғыр мінер. Бірақ бұл журналистік этика мен адамдық болмысқа сай келмейді ғой…» дейді. (авт. пікірлер қаз қалпында берілді)
Осылайша халық қалаулысының жоғарыдағы пікіріне бірқатар журналистер мен блогерлер бей-жай қарамай, өзіндік ойларын тұжырымдапты.
Халық қалаулысының бұл шындығы қаламды кәсіп емес, өзінің жеке басының жағдайын жасау үшін құрал ретінде қолданып, «бір қарын майды шірітіп жүрген құмалақтардың» шымбайына қатты батқаны белгілі. Расымен де аты бар да заты жоқ, немесе жабылғанына біраз жыл толған басылымдардың атын жамылып өздерін тілшімін деп таныстыратындар арамызда кездесіп жатады. Оларың «тілшімін» деп әр мекемеге барып, тұщымды дүниелер жазып жатса бөлек әңгіме. Әр нәрсені желеу етіп қайырымдылық сұрап немесе «жазып тастаймын, айтып саламын» деп ауызбастырық дәметіп жүргендерді бірнеше таныстарымыздан естіп, біліп, хабардар болып жүрміз. Бір қуанарлығы ондай әпенділердің көпшілігінің әу-баста алға қойған «мақсаттары» орындалмайтынын, соңында алдау операцияларының сәтті іске аспағаны үшін кірерге тесік таппай теуіп кірген есіктерінен басын ала қашып, күлкіге қалып жататынын да талай рет құлағымыз шалды. Жалғанды жалпағынан басатындардың кесірінен кез келгенді жалынан ұстата бермейтін журналист мамандығы туралы жаңсақ пікірлердің қалыптасып жатқанына қатты ыңғайсызданатыныңды қайтіп жасырмайсың?
Жоғарыда Н. Бұхарбаев қандай да бір журналисті комиссия құрамына қосу үшін алдымен облыс және қаладағы Журналистер Одағының төрағаларының кеңесі мен ұсынысына құлақ асқан жөн екенін алға тартқанын келтіріп өттік. Бұл пікірді біреулер көңілге қонымды десе, енді бірі «сонда одақ төрағаларының көңіліне жақпайтын журналистер бір шетте қалып қоюы да ғажап емес қой» дегенді айтуда.
Ал осы және жоғарыда айтылған өзге де ұсыныс-пікірлерге Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облысындағы филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай мен Шымкент қаласындағы филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова не ой айтады екен?
«Уақыт».