Байқау ұрпаққа ұлағат берді

Созақ ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Атадан өсиет – анадан ұлағат» атты байқау өтті. Байқау шарттары мен ережелері ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтауға негізделді. Және оған осы шараларды берік ұстанып келген ауданның қазыналы қарттары қатысты.

Мәдени шараны тамашалауға Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов арнайы келіп қатысты. Мінберге шығып сөз алған ол:
– Ата-бабаларымыз бізге ұлан байтақ кең даланы ғана емес, баға жетпес мол рухани мұра қалдырған. Өз кезегінде ол қазақ деген текті халықты сан ғасырлар бойына ерлік пен елдікке, адамгершілік пен ізеттілікке ұйытып келеді. Бұл мұра келер ұрпақ үшін мың жылға жететін рухани азық болатыны белгілі,-деп шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Отбасылық құндылықтарды сақтау, жастарға тәлімді тәрбиенің үлгісін көрсету мен кейінгі ұрпаққа ұлағат айтуды мақсат еткен бұл байқауға ауданның ауыл округтерінен құралған 13 топ қатысты. Олар «өздерін таныстыру», «салт-дәстүрлерден қойылған сұрақтарға жауап беру», «ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарды дайындау» сынды байқау шарттары бойынша өзара бақ сынасты. Аталған шарттар бойынша бойындағы бар өнері мен өнегесін ортаға салған ата- әжелердің барлығы дерлік кез келген шарттардан жаңылмай, берілген сұрақтардан сүрінбей салт-дәстүрлерге бейім екендігін анық байқата білді.
Байқау кезінде өзге ұлт өкілдерінен құралған «Уран әжелері» атты тобы қазақтың салт-дәстүрлерін терең білетіндіктерімен қазылар алқасы мүшелерін ерекше қуантты. Сонымен қатар Қаратау, Қарағұр ауылдарынан келген топта салт дәстүрді берік ұстанғандығымен көзге түсті. Жастар үшін ұлағаты мен тәлімдік тәрбиелік рөлі зор болған бұл шараны тамашалау кезінде көрермендер ұлттық құндылықтар, әдет-ғұрыптар бойынша мол мағлұмат пен тың деректер алды. Көрсетілген сахналық қойылымдардан рухани ләззатқа бөленді.
Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов сахналық көріністер арқылы ата-бабамыздан мирас болып жатқан салт-дәстүрді сахналық қойылымдар арқылы көрсетудің нәтижесі зор екендігін алға тартты. Өнеге мен ұлағат ұлықталған бұл байқауда «Жылыбұлақ» тобы бас жүлдені жеңіп алды. Ал «Тайқоңыр» елдімекенінің «Уран әжелері» бірінші, «Қазыналы Сарыарқа» тобы екінші, «Қазына» және «Теріскей көші» тобы үшінші орынды иеленді.