Ұлағатты ұстаз құрметке кенелді
Жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оны ізгілікке баулыған ұстаздар әрдайым құрметке лайық. Соның бірі Созақ ауданы, Сызған елді мекені Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің директоры Байс Сарыбай Құрманбекұлы.
Өз кезегінде ол Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай білім беру директорлары арасында өткен республикалық «Үздік директор–2018» байқауында I-дәрежелі дипломмен марапатталып, кеудесіне медаль тағылды. Тек талапты жастарды тәрбиелейтін талантты ұстаздарға ғана берілетін марапатқа Сарыбай Құрманбекұлы өз алғысын білдіре отырып, жетістікке жету жолындағы сырымен былай деп бөлісті.
– Кез келген елдің болашағы жастардың қолында. Сондықтан да жастар бесіктен белі шығып, буыны бекіген сәттен бастап, алғыр, зерек, білімді болып өсулері керек. Бұл дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған еліміз үшін үлкен маңызды фактор. Ал сондай қасиеттерді бойға сіңдіруде ұстаздар мен ата-аналарға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Осы жауапкершіліктің ауыр жүгін мен терең ұқтым. Мектеп басшысы болған кезден бастап білім ұясының алға қарай дамуы ондағы басшылықтың білім-білігіне тікелей байланысты екенін санамнан шығармадым. Сондықтан да мектептегі балаларды білім нәрімен сусындауда ондағы оқыту жүйесін қазіргі заманға сай технологиялармен үндестіруге көп мән беремін. Өскелең ұрпақтың білімді болмағы, мектептегі ұстаздардың біліктілігіне тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Осылай деген Сарыбай ұстазды бізде айтулы марапатымен құттықтап, оның отбасына бақыт пен амандық тілейміз.