ШАРДАРА «САЛТАНАТТЫ САФАРИГЕ» АЙНАЛДЫ

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізді дамудың даңғыл жолына апаратыны айқын. Өйткені аталған бағдарлама аясында елімізде салтымызды жаңғыртып, рухани мәдениетіміздің барынша асқақтай түсуіне бастайтын бірнеше жобалар мен түрлі шаралар жүзеге асып жатыр. Жуырда Шардара ауданында өткен «Сафари Шардара» атты фестиваль сол сөзіміздің жарқын мысалы. Тақырыбының өзі жұртшылықты қызықтырып, оны тамашалауға ерекше баулитын бұл шараның ауқымы кең.

Түйе жарысы туризмді
түрлендіреді


Желкенді қайықшылардың, мотобайкерлердің, жол талғамайтын көліктердің жарысы мен түрлі спорттық сайыстарды қамтыған бұл шараның ең басты ерекшелігі – түйе жарысының өтуі еді. Оның басты ұйымдастырушысы облыс басшысы Жансейіт Түймебаев болды. Осылайша ол 1978-1985 жылдары сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың жетекшілігімен күнгей жерінде өткізілетін дәстүрді дәріптеді. Арада ширек ғасырдан астам уақыт салып, қайта қолға алынған бұл түйе жарысын өткізудің мәнісі қандай? Мақсаты не? Енді осы сұрақты тарқатып берсек.
Бүгінде әлемнің көптеген мемлекеттерінде атап айтқанда, Сауд Арабиясы, Мысыр, Бахрейн, Иордания, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Кения, Моңғолия мен Австралия аумағында түйе жарысы тұрақты өткізіліп тұрады. Аталған елдер мұндай шараны өткізу арқылы туризмнен түсетін табыстың көлемін көбейтуге қол жеткіздіреді. Осыдан-ақ, оны тамашалайтындардың қарасы көп екенін сезінуге болады. Мәселен, Кения Республикасында бұл жарыс жыл сайын өтеді. Оны тамашалау үшін әлемнің әр түкпірінен арып-ашып мыңдаған турист келіп қызықтайды. Ал түйе десе ішкен асын жерге қоятын, оның ерекшеліктерін жете білетін Сауд Арабиясында түйе жарысы өте тартысты өтеді. Халықаралық деңгейде болатын ондай шараға он мыңнан аса түйелер жарысқа шығады. Жалпы аталған ел түйе жарысын өткізуден ерінбеген, яғни, олар үшін бұл қалыпты дәстүрге айналған. Иорданиялықтар үшін бұл ең қызықты ермек болып табылады. Сондықтан да ондағы халық түйе жарысын тамашалау үшін ерінбей, алыстан ат арылтып келеді. Моңғолияда бұл танымал спорт түріне жатқызылады. Ол жерде де 20 жылдан бері бұл жарыс дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Аталған елдердің барлығы бұл жарысты өткізу арқылы ұтпаса, ұтылып жатқан жоқ. Өйткені одан түсетін пайда ағыл-тегіл. Ал елімізде желмаялардың жарысы Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында ұйымдастырылады. Күнгейде оның қанша жылдан бері қолға алынбай келе жатқанын жоғарыда атап өттік. Бірақ ұлттық болмыс пен оның құндылығына қырын қарамайтын Жансейіт Түймебаевтың алысты көре білетін көрегенділігінің арқасында бұл олқылықтың орны толтырылды. «Сафари Шардара» аясында 15 түйенің жарысқа түсуі соның дәлелі.
Жалпы түйе жарысын жиналғандар ерекше қызығушылықпен тамашалады. Бұл жергілікті жұрттың ертеден келе жатқан осы спорт ойындарына деген сағыныштарының парасы болса керек. Облыс әкімі ұйымдастырған бұл іс-шара алдағы уақытта да түйе жарысының тұрақты өтіп, оның барынша дами түсуіне салған жүлге болды.
Шардарадағы Қызылқұм жерін туристік мақсатқа пайдаланудың сыры мен қыры барынша дәріптелген бұл шарада желкенді қайықтардың жарысы да сүйкім туғызды.

Желкенді қайық спортынан жеңімпаздар дайындауға мүмкіндік мол

Шардараның әлеуеті мен туристік тартымдылығы барынша насихатталған бұл шарада желкенді қайықтардың жарысы өткізілді. Оған желкенді қайықты ұршықша иіретін жандар қатысты. Бірнеше уақыттан бері білікті бапкерлердің шекпенінен шыққан ойыншылар ерекше шоу жасап, көк теңіздің көркін аштыра түсті.
Ауданда спорттың бұл түрі 1976 жылдары ашылып, бірнеше жылдың ішінде жақсы дамыған болатын. Сол жылдары оған ебі бар талай жастар Шардара су қоймасында шеберліктерін шыңдап, талай байқауларда өнер көрсеткен. Бірақ Кеңес Үкіметінің іргесі сөгілгеннен кейін ол жұмысын тоқтатқан-тын. Біраз жыл ұмыт болған бұл спорт түрі Шардарада биылдан бастап қолға алынып, дамуы ерекше қарқын алып келеді. Қазіргі таңда 60 бала Шардара су қоймасында желкенді қайықты меңгеруге тартылған. «Сафари Шардара» аясында ұйымдастырылған желкенді қайық жарысы жергілікті тұрғындардың бойына ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал ат жалын тартып азамат болған өскелең ұрпақтың бойына аталған спорт түріне деген қызығушылық тудырды. Мұның өзі топ жарып толағай атануға зор серпін беретін күй емес.

«Сафари Шардара»
тұралаған
туризмді серпілтеді

«Сафари Шардара» фестивалі аясында бұдан өзге түрлі спорт ойындары бойынша жарыстар өткізілді. Атап айтқанда, қазақша күрес, жағажай волейболы мен футболы, қол күресі, гір тасын көтеру, қошқар көтеру, бөренге өрмелеу, құсбегілік сынды ойындар бойынша сайыпқырандар сайысы болды. Балық аулаудан байқау ұйымдастырылды. Шараның көрігін қыздырған бұл жарыстардан бөлек мотобайкерлер шеруі өтті. Олар Түркістан-Отырар-Шардара бағыты бойынша жүріп өтіп, кейіннен жағажай алаңындағы сахна алаңында MOTOKROSS өнерін көрсетті. Мұнымен қатар жұртшылыққа жол талғамайтын көліктер жарысы көрсетілді.
Сан түрлі іс-шараларды қамтыған фестивалді бастан аяқ тамашалаған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Сафари Шардара» туралы өз ойын былай деп өрбітті.
– Елбасы бізге туризм тек өңірлік ғана емес, жаһандық сипат алу керектігін баса айтты. Ол үшін аймақтағы тарихи әрі туристік орындарымызды лайықты дамыта алуымыз қажет. «Сафари Шардара» фестивалі арқылы біз сол бағыттағы бағдарымызды жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Яғни, осы фестиваль арқылы біз көршілес елдерге Қызылқұм мен Шардара су қоймасының жағалауы сынды жауһарларымызды танытамыз. Сонымен қатар, шағалалы Шардара жерінде желкенді қайық спортының жандандыруды, ат пен түйе жарысының қанатын кеңге жаюды, құсбегілік сынды ұлттық спортымызды дамытып өзге де ұрпақтан ұрпаққа аманат болып келе жатқан ата-кәсіптерімізді жаңғыртуды көздеп отырмыз. Мұның барлығы өңірдегі туризмнің дамуына негіз болмақ. Ал туризм алға жылжыса аймақ халқының әлеуеті арта түсетіні сөзсіз.
Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше рух дарытқан «Сафари Шардара» фестивалі өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

С. НҰРАЙ.