ӘДЕП НОРМАЛАРЫН БЕЛДЕН БАСАТЫНДАР АЗАЙҒАН


Таяуда еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ағымдағы жылдың 9 айы бойынша қай облыстың мемлекеттік қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке көп тартылатынын саралап көрсетті. Тиісті органның нақтылаған мәліметінде есепті кезеңде мемқызметкерлердің тәртіптік жазаға тағайындалу дерегі Алматы облысында – 32, Түркістан облысында – 28, Маңғыстау облысында – 18, Павлодар облысында – 14, Шығыс Қазақстан облысында – 13, Ақмола облысында – 13, Жамбыл облысында – 11 адамды құрағандығы көрсетілген.
Мемлекеттік қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тартуға қызметтік көліктерді жеке мақсаттары бойынша тізгіндеу немесе пайдалану, әлеуметтік желілерде әдепсіздікке қарсы келетін әрекеттер таныту және тағы басқа мәселелер алғышарт болған.
Жалпы осы жылдың тоғыз айында Қазақстан бойынша Әдеп нормаларындағы талаптарға қырын қарағаны үшін мәселесі май шаммен қаралып, тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметкерлердің саны 182-ні құраған. Нәтижесінде олардың 54-і сөгіс, 42-сі қатаң сөгіс, 41-і ескерту алып беті қызарса, 27-сі қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту алған. Сонымен қатар, 16 лауазым иесі жұмыстан босытылып, 2-нің қызметтік дәрежесі төмендетілген.
Еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы деректерді ҚазАқпарат агенттігіне жолдай отырып, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп нормаларын белден басуы өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым азая түскенін, оған қоғамның белсенді азаматтық ұстаным танытуы зор септесін болғанын көрсете кеткен.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.