Беркін Тұрқұлов, ең жас кардиохирург: «900 грамдық шақалақтың жүрегіне ота жасадым»

Қазақстанның 100 жаңа есімі қатарына енген еліміздегі ең жас кардиохирург Беркін Тұрқұлов өзі еңбек етіп келе жатқан балалар кардиохирургия саласының болашағын қалай елестететінін айтты.

Беркін дәрігер дейтін абзал мамандықтың тізгінін ұстаған. Шетелден әкелген озық тәжірибелері мен отандық дәрігерлерден алған тәлімінің арқасында ол жаңа туған сәбилердің жүрегінің қалтқысыз жұмыс істеуіне септігін тигізіп жүр. «Бала күнімде дипломат болғым келді. Бірақ 8-9 сыныптарда адамға пайдасы тиетін мамандық иесі болсам деген ой туды. Дәрігер, соның ішінде жүрек ақауларымен айналысатын маман болғым келді. Елші болмасам да, Мәскеуге барып оқимын деген арманым орындалды», — деді Беркін.
Астана медициналық университетін бітірген соң жас маман Мәскеудегі Бакулев атындағы жүрек қан тамырлары ғылыми зерттеу орталығында «Болашақ» бағдарламасымен интернатурадан өтіп келген. 2012 жылы Отанына оралып, Алматыдағы Перинаталогия және балалар кардиохирургиясы орталығына жұмысқа орналасады.
Жас маман мұнда 6 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Айта кету керек, бұл орталықта ішіндегі баласынан жүрек ақауы анықталған жүкті әйелдер қаралады.
Кішкентай сәби жаңа өмірге келісімен-ақ, олардың жұдырықтай жүрегі білікті мамандардың жіті бақылауына алынады. Беркін сияқты дәрігерлер командасы жас жүректің ары қарай соғуын тоқтатпауы үшін барын салады.
Дәрігердің айтуынша, жаңа туған сәбилер арасында көбінесе туабітті жүрек ақаулары көп кездеседі. «Балалар арасында көбінесе жүректің туабітті ақаулары көп. Жалпы балалардың барлық туа бітті ауруларының ішінде жүрек ақауы бірінші орында тұр.
Орта есеппен дүниежүзілік статистика бойынша 1000 баланың ішінде 6-8 нәресте жүрек ақауымен туады. Ал Қазақстанда жылына орта есеппен 400 мың сәби өмірге келеді. Олардың 3000-ы жүрек ақауларымен туады. Бұл — оның бәріне ота қажет деген сөз емес. Соның ішінде орта есеппен 2000 бала отаға мұқтаж болады», — деді Беркін Тұрқұлов.
Соңғы уақытта жүрек ақауымен туатын сәбилердің көбеюін дәрігер диагностикалық әдістердің дамуымен байланыстырады. «Бұрын босанғанша белгісіз болып келген ауруларды қазір іште жатқанда-ақ анықтауға болады. Пренатальды диагностика саласының дәрігерлерінің тәжірибелері артып келеді. Статистиканың артып келе жатқаны көбінесе сонымен байланысты», — деді ол. Дәрігер күрделі ақаулармен күнделікті бетпе-бет келеді. Алдына жаңа туғаннан бастап 10 жасқа дейінгі балалар келеді. Оның ішінде шала туған 900 грамдық балаға да ота жасаған. «Негізінен жүрек ақаулары критикалық болған жағдайда дәрігерлер жаңа туған сәбиге 28 күн ішінде ота жасауға міндетті болады. Көбінесе критикалық жағдайда ашық жүрекке ота жасалады. Ол үшін кішкентай жүректі тоқтатып, оның орнына өкпе жүрек жасанды қан айналымы аппараты қосылады да, уақытша ағза мүшелерін оттегімен қамтып тұрады. Ота біткен соң, қайта қосамыз. Біздің жұмысымыздың жауаптылығы да сонда. Сосын балаларға ота жасағанда, көбінесе салмаққа қараймыз. Жасына қарағанда салмақ маңызды. Себебі препараттардың барлығы салмаққа қарап беріледі. Неғұрлым баланың салмағы аз болған сайын бұл отада тәуекел көп. Мен өз тәжірибемде салмағы 900 граммдық шақалақтың жүрегіне ота жасадым. Ондай балалар санаулы. Жылына көп болса, ең көп дегенде 10 шақты шала туған балада жүрек ақауы болады», — деді ол.
Ақ халатты абзал жандардың қызметі аса жауапты мамандықтардың бірі екені рас. Адамдар басы ауырып, балтыры сыздаған кезде алдымен Алласына сиынып, сосын дәрігердің алдына жүгінері сөзсіз. Ал ем-домынан науқас шипа тауып жатса, дәрігер үшін бұдан асқан бақыт жоқ. «Кез келген бала ата-ана үшін де, біз үшін де қымбат. Баланың отадан кейін аман-есен отбасына оралғаны біз үшін өте маңызды. Ол сәтті ештеңемен ауыстыру мүмкін емес. Адамдар біреуге шын көңілмен көмек жасаған кезде ғажап күйде болатыны сынды бізде де қатты қуанамыз.
Жәудіреп үміт күткен ата-анасы келесі күні баласын аман-есен құшақтап немесе жетектеп кетіп бара жатқанын көру біздің басты мақсатымыз. Бірақ, біздің жұмысымызда ауыр жағдайлар да кездеседі. Өмір болған соң кей балалардың ақауы мүлде күрделі болады. Сол кезде біз баланың ата-анасымен әңгіме жүргіземіз. Барлық ситуацияға дайын болу керектігін айтамыз. Барлық мүмкіншілікті пайдаланып, баланың өмірін арашалап қалуға тырысамыз. Мүмкін болмайтын жағдайлар да орын алады, өкінішке орай. Баланың жағдайы қазір қандай, кейін не болмақ? Ота жасамаса не болады? Барлық нұсқаны жіліктеп айтамыз. Кейін аман алып қалу неге мүмкін болмағанын ата-анасына жақсылап түсіндіреміз. Басқа жол жоқ», — деді дәрігер. Кардиохирург науқас балалардың дүниеге келуіне ықпал ететін бірнеше факторды атады. «Ең алдымен бала ауру болмас үшін анасы мен әкесі де толық салауатты өмір салтын ұстануы керек.
Отбасын құрмас бұрын жастар алдын ала дайындалуы керек. Әсіресе анасы жүктіліктің алғашқы кезінде 4-12 апта аралығында ерекше күтінуі керек. Себебі осы уақытта баланың ең маңызды ішкі органдары қалыптасады. Тұмаудан сақ болып, адам көп шоғырланған жерге бармауы керек. Жастар алдын-ала денсаулықтарын тексеріп, қан тапсыруы керек.
Сонымен қатар, дұрыс тамақтану сияқты факторлар да әсер етеді», — деді ол. Алматы қаласы бүгінде ДСҰ «Дені сау қалалар» жобасына енді. Қала қазір ДСҰ стандарттарына сай түрленіп келеді. Әрбір аулада арнайы спорттық алаңшалар, тегін жаттығу залдары ашылып жатыр. Яғни, әлемдік стандарттарға сай қазір қоғамда адамды емдеу емес, ауруды алдын алуға көп мән беріліп келеді. Адамның жүрегінің саулығы да тікелей салауатты өмір салтына байланысты. «Негізгі талаптар қалада салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жағдай жасау керек. Ол ауруханалардың санымен емес, адам денсаулығын жақсартуға жасалған инфрақұрылыммен ерекшеленеді. Бұқаралық спорт түрлері барша адамға қолжетімді болуы тиіс. Жалпы медицина саласының дамуы елдің экономикасына тікелей байланысты.
Президент өз жолдауында ғылым мен медицинаға бөлінетін қаражатты ЖІӨ-нен 10 пайызға жеткізу керектігін алға қойды. Бүгінде де жеткен жетістіктер аз емес. Мәселен қазір Қазақстанда балаларда
трансплантациядан басқа ота түрлерінің бәрі жасалып жатыр. Ең мықты клиникалардан мамандарды шақырып бірге жасауға мүмкіндік бар. Қазақстанда «2007-2009 жылдары кардиохирургиялық көмекті көрсету бойынша» мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол бағдарламадан соң барлық өңірлерде орталықтар ашылды. ЖҚТ ауруынан өлім саны қысқарды. Қазақстанда 2011 жылдан бастап жаңа туған сәбилердің жүрегіне ота жасалып келеді. Оған дейін салмағы 10 кг аспаса жасалмайтын. Қазір салмағы 1 келіден төмен балаларға да жасалады. Бұл прогресс көзге көрініп тұр. Ауыз толтырып айтарлық дүние.
Сондықтан, медицинаның қарыштап дамыған заманында небәрі 5-10 жылда балалар кардиохирургиясы саласында үлкен жетістіктерге жетеміз. Оның бәрі болашақтың еншісінде», — деді дәрігер. Беркін Тұрқұлов Түркістан облысы, Келес ауданы Мақташы ауылының тумасы. Көп балалы отбасынан шыққан. Маман тәжірибемен қатар ғылыми жұмысқа уақыт тауып жүр. Себебі, қарыштап дамыған заманда білім көшінен қалып қалмау да маңызды деп санайды дәрігер. «Биылдан бастап ғылыми салаға бет бұрдым. Қоғамдық денсаулықты сақтау жоғарғы мектебінде PhD докторантурада оқып жатырмын. «Балаларға кардиохирургиялық көмекті жетілдіру» тақырыбында диссертациямды қорғамақпын», — деді ол.
Саналы ғұмырын адам пайдасына арнайтын мамандық иелері жер бетінде аз.
Оның ішінде алған білімі мен тәрбиесін дұрыс бағытта жұмсап жатқандар да санаулы.
Әсіресе қу құлқынның қамы мен қалтаның тоқтығын ғана ойлайтын дәрігерлер де жетерлік. Ал, ұрпақ саулығын бірінші кезекке қойған дәрігерлердің орны әрдайым төрде болмақ. Осы орайда Беркін Тұрқұловтың есімі Қазақстанның 100 жаңа есімі қатарына бекерге енбесе керек.

Гүлмира Ғосманәли,
«ҚазАқпарат».