Іргелі еңбектердің қатары толықты
Рухани қазынамыз тағы екі ірі еңбекпен толықты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында алғаш рет қазақ тіліне аударылған «Рашид ад-диннің «Жамиғат-тауарих» және Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» кітаптарының тұсаукесері өтті.
«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған бұл туындылардың тұсаукесеріне ел өміріне етене араласып жүрген бір топ тұлғалар қатысты. Атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мəулен Əшімбаев, Парламент депутаттары, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырəлі, еліміздің Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен мемлекеттік органның өкілдері болды.
Өз кезегінде парсы тілінде жазылған 5 томнан тұратын ортағасырлық «Жамиғат-тауарих» туындысы Ұлы Даламыздың тарихы, Қазақстан мен Орта Азияда ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың тегі, мемлекетіміздің дамуы мен қалыптасуы туралы деректерді қамтиды. Тарихи энциклопедияда ертедегі Моңғолия, Шығыс Түркістан, Иран, Орталық Азия, күнгей Кавказ, Поволжье мемлекеттері мен халықтары туралы құнды тарихи мəліметтер жазылған. Жиналғандар тікелей парсы тілінен кәсіби деңгейде тәржімаланған бұл туынды өскелең ұрпақтың санасына өз тарихымызды терең сіңдіретін іргелі еңбек ретінде бағаланатынын айтты. Жалпы бұл еңбек әлемнің біраз тіліне аударылған.
Ел жақсылары мен жайсаңдары тұсауын кескен келесі туынды «Зикзал» еңбегі болды. Екі томнан тұратын бұл басылымда ислам дінінің асыл қасиеттері, адамзаттың байтақ тəжірибесі мен дəстүрі, өмір салттары, кісіні игілікке бастап, ізгілікке баулитын ой орамдар мен ғылымның сан саласы көрініс табады.
Адамзаттың көкірек көзін ашу, санасын сәулелендіре түсу, танымын тереңдетіп, ой-өрісін дамыту мақсатында жазылған бұл еңбекке ғалымдар теңдесі жоқ қайталанбас туынды деген баға берді.
Туындылардың тұсаукесер рәсімінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жемісі әрі жеңісі болып саналатын мұндай игі істің бастамашысы болған Халықаралық Түркі академиясы президенті Дархан Қыдырәлі мен өзге де азаматтарға алғысын білдірді. Ал Д. Қыдырәлі болса бұл еңбектердің бірі санамызды сілкіндіріп, жадымызды жаңғыртса, екіншісі жүрегіміз бен рухымызға азық болатынын алға тартты.
Шара барысында кітаптарды парсы, көне шағатай тілдерінен аударған араб, парсы тілінің білгір маманы Зəріпбай Жұманұлының өңіріне зор еңбегі үшін Түркі академиясының күміс медалі табысталды.
Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.