ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАРИХЫН БІЛУ – ТАҒЫЛЫМ

Қоғамдық сананың жаңғыруы туған жердің тарихын білуден басталады. Осы мақсатта «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Түркістандағы Ғани Мұратбаев және Ататүрік мектептерінде «Аты аңызға айналған Құл Қожа Ахмет Ясауи» дәрісі өткізілді. 

Түркі тілдес елдері тұрмақ, мұсылман әлемінде аты әйгілі, сопылық әдебиеттің ірі өкілі, кемеңгер ақын, философ Қожа Ахмет Ясауи ХІІ ғасырда дүние есігін ашады. Оның кіндік қаны тамған жер – сансыз баптар мекені Сайрам жері болып табылады. Оның өмірі туралы деректер «Диуани хикметте» келтірілген. Онда ұлы ойшыл өзінің 63 жасқа дейінгі өмірін жүйелі сөзбен жазып кеткен. Оның әкесі Ибраһим Ата Сайрамда тіршілік еткен ғұлама кісі болған. Ол өзінің ұстазы Мұса шайықтың қызы Айшаға (енді бір деректерде Қарашашқа) үйленіп отау құрған. Кіндігінен Гауһаршахназ атты бір қыз, содан соң одан он жас кіші Ахмет деген бір ұл бала тараған. Ахмет анасынан бала кезінде айырылып қалады. Жеті жасқа толғанда әкесі о дүниелік болады. Содан соң бала Ахметтің тәрбиешісі мен негізгі ұстазы өзіне аталас туыс болып келетін Арыстан Баб болады. Ол кісіден сауат ашып, сабақ алады. Білімге құштарлығын анық көрсеткен соң жас Ахмет Бұхара қаласындағы Ж. Хамаданидің діни медресесінде білімін көтереді. Мұны тәмамдаған соң, аз жыл сонда (Хамадани қайтыс болған соң) қалып, медресені басқарады. Бұдан соң ол сопылық жолдың ащы-тұщысын татып, Хақ дидарына ғашық болған ғарыптермен көптеген қалаларды аралайды, біраз жерлерге табаны тиіп, ел көреді. Он жеті жасқа толған соң, Құл Қожа Ахмет Түркістанға келіп, сол заманда аты ғана бар «Йасы» деген жерге күрке тігеді. Кейіннен «Йасы» жеріне мекен етуге жұрт біртіндеп жиналып, ол қыстаққа айналады. Кейінгі ғасырларда Ясауидің аты жайылған соң, бұл мекен діни орталық болып, мәдениет ошағы ретінде танылады. Қожа Ахмет Ясауи бұл дүниеден озған соң, әйгілі Ақсақ Темір билеуші оның басына Орта Азияда теңдесі жоқ керемет күмбез салдыртады. Қазіргі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бой көтеруі Ақсақ Темірдің қолтаңбасы.
Өскелең ұрпақтың жан дүниесін барынша байыту, елжандылық сезімін ояту. мақсатында өткізілген бұл жиында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қызметкері Ардақ Бейсенова осы деректерді алға тарта отырып, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың өмірі туралы дәріс оқыды.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.