Қолдауға әбден лайық үміткерлер

«100 жаңа есімнің» екінші маусымы бойынша өтінім беріп, екінші кезеңге іріктеуден өткен кандидаттарға дауыс беру жүріп жатқанын бірінші бетте атап өттік. Осы республикалық конкурсқа ат қосқандардың арасында түркістандық азаматтардың бар екені белгілі. Олар мәдениет категориясы бойынша іріктелген Батырхан Дәуренбеков, спорт категориясы бойынша іріктелген Дидар Хамза, ғылым категориясы бойынша іріктелген Досай Кенжетаев, бизнес категориясы бойынша іріктелген Нұрдәулет Әбдіраш болып табылады. Біз газет оқырмандарын тұлғалық қасиеті қалыптасқан, өмірде өз кетігін тауып, қоғамның дамуына өзіндік қолтаңба қалдырып жүрген бұл азаматтарға дауыс беруге шақыра отырып, олардың сан қыры туралы бірер деректерді сөйлете кетуді хош көріп отырмыз.

Батырхан Дәуренбеков. Бұл есім күнгей жұртына жақсы таныс. Ол бұған дейін кенжелеп қалған қазақ анимациясының қоржынын тәрбиелік мәні бар талай туындылармен толықтырып, саланың өрге басуына өзіндік үлес қосып, сүбелі септігін тигізіп келе жатқан азамат. Ол көптеген анимациялық және көркем, деректі фильмдердің режиссері. «Қазақстан аниматорларының ассосациясы» қоғамдық ұйымының төрағасы, «ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің» жанынан құрылған Кино мамандары көркемдік кеңесінің мүшесі. Машықты маман 50-ден аса анимациялық фильмдер мен көркем фильмдердің сценарий авторы және режиссері. Оның жасаған туындылары Еуропа және Азия елдерінде өтіп жатқан кинофестивальдерде түрлі номицацияларды жеңіп алып жүр. Ол 25 сериялы «Томпақ» телесериалының, «Қошқар мен теке-2» анимациялық фильмінің сценарий авторы, әрі режиссері болып табылады. Оның туындыларының қатарында «Көне жетігеннің сыры» телесериалы, «Күш атасы Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Қазақ елі» анимациялық фильмі, «Қалқанқұлақ» қиял-ғажайып телехикаясы және т.б бар. Көптеген Алғыс хаттар мен медальдардың, марапаттардың иегері.
Кез келгенге қол емес жұмыстың ауыр жүгін сезіне алған көкірек көзі ояу бұл азамат «бала тәрбиесі бесіктен», — дегенді ұран етеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл түсірілім жұмыстары жүргізіліп жатқан «Ордабасы-бірлік туы», «Оқсыз», «Түркістан» анимациялық фильмдері мен «Төле би» тарихи телехикаясының бас режиссері ретінде қарқынды еңбек етіп жүр. Кәнігілік қырын ұлттық құндылықтармен ұштастырып, тарихи тұлғалар мен оқиғаларды бала санасында шебер әрі әдемі ұялатып, олардың танымын дамытып жүрген азаматтың бұл жобада есімінің ардақталуы бәріміздің мақтанышымыз болмақ.


Дидар Хамза. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының «Спорт» категориясы бойынша іріктелген жерлесеміз. Жиырманың ішіне енді аяқ басқан ол мектеп қабырғасында жүріп спортта өзін сайыпқыран екенін көрсетіп, мойындалады. Мұнымен қатар, мектепті үздік тәмамдайды. Ол дзюдо ойыны бойынша 2012 жылдан бері биіктерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Айталық, 2012 жылы ол Шымкентте өткен ҚР чемпионатында қарсыластарын шаң қаптырып, 1-орынды, Якутияда өткен Азия балалар ойынында 2-орынды, Тайпейде жалауы желбіреген Азия чемпионатында чемпион атанады. 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында 3-орын, 2014 жылы Гонконгте болған Азия чемпионатында 1-орынды алып ел мерейін өсіреді. 2016 жылы Австрияның Оберхартында болған Еуропа кубогында да шеберлігі шыңдалған ойыншы екенін көрсетіп, жеңімпаз болады. 2017 жылы Хорватия мемлекеті Загреб қаласында өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында 3-орынды жеңіп алады. Ал осы жылы Индонезия мемлекеті Джакарта қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстанның қоржынына алтын медаль салады. Ішкі қуаты мықты Дидардың ендігі мақсаты Токиода өтетін Олимпиадаға жолдама алып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салу болып табылады.


«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша республикалық сайысқа Түркістан облысының тағы бір тумасы іріктеліп алынды. Ол ҚР БҒМ Философия ғылымдарының докторы, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Дінтану кафедрасының профессоры – Досай Кенжетаев. Ғалым ретінде философияны, дінді, мәдениетті, тарихты, түркі дүниетанымын және ислам философиясын, халықаралық саясатты зерттейді. Өскелең ұрпақтың білімін көтеріп, оларға рухани нәр сыйлап жүрген Д. Кенжетаевтың дін, философия, ислам философиясы, мәдениет, ғылым және философия туралы 200-ден астам ғылыми мақалалары бар. Ағылшын және парсы (сөздікпен), орыс, араб, түрік тілдерін біледі. Түркия мен
Қазақстан арасындағы халықаралық достық қоғамы, түркі әлемінің құрметті ғалымы (2010). 2011 жылы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Үздік оқытушысы» атанған.


Республикалық сайысқа қатысқан тағы бір жерлесіміз Нұрдәулет Әбдіраш. Жас кәсіпкер, «AMANTA GROUP» ЖШС-ның директоры. Аталған серіктестік аулаларға төселетін материалдар шығару ісімен айналысады. Ол жас болса да өзін талай орталарда жақсы қырынан көрсете білгендігімен мойындалған. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын оның өзінен кейінгі өскелең ұрпақ пен өз қатарластарына үлгі боларлық қыры басым.