Әкімдік маңы ала сиырдың жайылымына қалай айналды?
Жуырда фейсбук әлеуметтік желісінде Шымкент қаласы әкімдігінің маңындағы көгалда көк шөпті жеп жүрген сиырдың суреті қызу талқыға түскені белгілі. Қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында Зеңгі баба төлінің жайылып жүргенін алғашқылардың бірі болып журналист Тұтқабай Фазылбек байқап, өз парақшасына жариялап жіберген. Көзге қораш көрінетін бұл суретті көріп, көпшілігі мұны бассыздыққа теңеп, әкімдікке қарата сын пікірлерін білдірді. Кейбірі әкімдікке барған кезде «адамдарды тәптіштеп тексеретін қызметкерлер не қарап отыр?», — деп кейіді.
Осыдан біраз уақыт бұрын Шымкент әкімдігі мал бағатын азаматтар қала орталығындағы көшелерде төрт түлігін жіберіп қоюы енді тоқтатылатынын, бұл талапқа бағынбағандарға шара көрілетінін айтып, жұртшылыққа жар салған болатын. Сол кезде қала басшысы Ғ. Әбдірахымов
мал бағудың өз ережесі болатынын мәлімдеген. Бірақ қала орталығы былай тұрсын, әкімдік маңындағы мына көріністің куәсі болу арқылы зың әкімнің сол екпіні басылып қалған ба деген ойға қалады екенсің.
Дегенмен, турасын сөйлеп, әділін айтар болсақ, білдей бір мегаполисті басқаратын басшының саяси салмағы, жауапкершілік жүгі ауыр мың сан шаруаның шырмауынан шығып, әкімдік аумағын аралап, «кім жүр? не тұр?» деп торуылдағаны жарай қоймас. Ол үшін тиісті бөлімдер мен белгіленген мамандар бар. Ауа жайылып кеткен ала сиырдың олардың назарына дер кезінде түспеуі нені аңғартады? Немкеттілікті ме, әлде салғырттықты ма?
Қ. ҚАЛИЕВ.