Сарыағашта туристерді тартатын турнир өтті

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы айқындалған міндеттерді нәтижелі жүзеге асыру бағытында былтырдан бастап облысымызда әр ауданның туристік келбетін арттыратын шаралар жүзеге асуда. Кеше ғана Шардара ауданындағы «Сафари Шардара» шарасы соның жарқын мысалы. Өткен аптада Сарыағашта ұйымдастырылған «SARYAGASH OPEN – 2018» ашық турнирі сол баянды бастаманың нақты жалғасы болды.

Ауданның Көктерек кентіндегі «Altyn Bulak Golf & Health Resort» гольф клубында өткен турнирге жасы 21-ден асқан 48 гольфисттер қатысты. Қатысушылар қатарында Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен өз еліміздің ер азаматтары болды. Мақсат – айқын. Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданының курортты аумағын туризм ошағы ретінде өзге елдерге жар салып көрсету. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев:
– Бұл Сарыағаштың туристік әлеуетін өзге елдерге барынша насихаттайтын шара болмақ. Осы турнир арқылы біз облысымызда белсенді демалыс және экологиялық туризмді дамытамыз. Және өскелең ұрпақтың бойына туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыра түсетін боламыз. Бүгін шымылдығы түрілген турнирмен баршаңызды құттықтай отырып, барлықтарыңызға бақыт пен тың денсаулық тілеймін. Бұл шара алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтіп тұратынына сенім білдіремін, — деді.
Ашық турнир барлық талап деңгейіне сай өтті. Яғни, гольф ойыны бойынша әуесқойлық турнирде қатысушылар Сэнт-Эндрюс Корольдік Гольф Клубының және «Altyn Bulak Golf & Health Resort» жергілікті ережелеріне сәйкес жеке Stroke play форматы негізінде өрнекті ойын көрсетті. Турнирде бірінші, екінші, үшінші орынды иеленгендер мен жеңімпаздарға ұйымдастырушылар мен демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.

С. НҰРАЙ.