ТҮРКІСТАНДА «АЙБАРЫ МЫҚТЫ – АТА ЗАҢ» САЛТАНАТТЫ ШАРАСЫ ӨТТІ
Түркістан қаласы Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында Қазақстан Республикасының Конституция күні мерекесіне арналған «Айбары мықты – Ата Заң» салтанатты шарасы өтті.
Еліміз үшін маңызды жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаудан бастау алды. Салтанатты шараға Түркістан облысының Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясы, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры, облыстық опера және балет театры, домбырашылар мен «Қазына», «Шамсинур», «Фараб» би ансамбльдерінен құралған 150-ден аса өнерпаздар қатысып «Ата заң», «Ұлы Дала заңы», «Дала даналығы» сазды-хореографиялық композициясымен Ата Заң айбары асқақталып, Ш.Қалдаяқов «Қайықта», Ә.Ботақараевтың «Бабалар рухы», С.Бәйтерековтың «Сарыарқа», С.Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала», «Отан» және Ә.Қалыбекованың сөзіне жазылған С.Құттыбайдың «Мәңгілік ел» әндері орындалды.
Мерекелік басқосуда Түркістан облысының әкімі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы барша түркістандықтарды құттықтады.
— Ата Заң күні — халқымыз үшін ең қастерлі, ең ұлық мереке. Мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған Конституциямыздың қабылданғанына биыл 23 жыл толып отыр. Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі! Бүгінгі жиынымыздың мәні терең екендігін атап айтуға тиіспіз. Өйткені Елбасымыздың бастамасымен өңірімізде тарихи тың бетбұрыс жасалып, мемлекеттің тағдырында маңызды орталыққа айналған Түркістанда өтіп отыр. Екі ғасырдан астам уақыт Ұлы дала дәстүрін дәріптеп, «Жеті жарғысы» жазылған қасиетті Түркістанның орны Қазақ елі үшін ерекше. Ендеше, тамыры «Жеті жарғыдан» тартылған Ата заңымыздың айбыны асқақтай берсін! — деді өңір басшысы еңбегімен үздік атанған бір топ азаматқа марапат тапсырды.
Мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер алқасы мен зиялы қауым өкілдері, ҮЕҰ мүшелері, студент жастар, БАҚ өкілдерінен құралған 600-ге жуық азамат қатысты.
Суретті түсірген: «Оңтүстікфильм» түсірілім тобы