ТҮРКІСТАННЫҢ КӨРМЕСІ АСТАНАДА

Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Түркістан жауһарлары» тақырыбында көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Көрменің ашылуында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызы, сатирик ақын Көпен Әмірбек, қорық-музей директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы сөз сөйлеп ізгі тілектерін білдіріп, көрме жұмысына сәттілік тіледі.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің көшпелі көрмесі 3 бөлімінен топтастырылған.
Көрменің бірінші бөлімі Түркістан өңірінде орналасқан тарихи қалалар жайында топтастырылған. Қазақстанның ортағасырлық тарихында, оның ішінде Қазақ хандығының мемлекеті болып қалыптасуы және дамуы барысында ерекше орын алатын тарихи-географиялық аймақтар бар. Сол аймақтың біріне — Сырдың орта ағысы бойында орналасқан және ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы шығыс жазба деректерінің мәліметтері бойынша белгілі болған Түркістан өңірі жатады. Түркістан — түркі дүниесінің ежелден келе жатқан рухани, мәдени орталығы. Аталмыш бөлімде Шауғар-Шөйтөбе, Қаратөбе-Сауран, Ясы-Күлтөбе, Ескі Түркістан және Хан ордасына жүргізілген археологиялық қазбадан табылған қола дәуір ескерткіштері, ортағасырда кең етек жайған керамикадан құйылған құман-құмыра, ыдыстар, нумизматикалық материалдар қамтылады.
Көрменің екінші бөлімі әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналды. Түркі халықтарының құрметпен тағзым етер алтын бесігі, қасиет пен кие дарыған мекені. Орта Азияға алғаш ислам дінін аша келген Ысқақ бап, Әбдіжәлил бап, Әбдірейім баптардың Түркістан төңірегінде тоғысқаны да тегін болмаса керек. Мұның барлығы Маулана Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-нама» қолжазбасында егжей-тегжейлі баяндалған. Аталған бөлімде Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары «Диуани хикмет», «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Бустан ул-михиббин», «Насабнама» шежіресі, Әмір Темірдің пәрменімен салынып, басынан талай сын сағаттарды өткерген, күмбезі көкпен таласқан, исі түркі жұртының бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы ХІV ғасырдан жеткен түпнұсқа кірпіштері, аспалы, айдаһар басты шырағдандары, Тайқазан, Лауһа, Қақпа есігінің көшірмелері экспозициядан орын алған.
Көрменің үшінші бөлімі Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар жайында сыр шертеді. Түркістан қаласы ХVІ ғасырдан бастап Есім ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы болып жарияланды. Онда қазақтың Жәңгір, Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Абылай секілді атақты хандары билік құрды. Киелі шаһарда Қазақтың атақты Жәңгір, Тәуке, Болат, Тұрсын, Сәмеке, Қайып, Сейіт, Сығай, Барақ, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Тоғай, Бөкей, Әликен сынды хандары билік құрды. Осы кезеңде алаштың игі жақсылары ұрпақтарына Түркістанға өздерін жерлеуді аманат етті. Сол кезеңнен бастап Түркістан исі қазақтың ұлттық пантеонына айналды. Аталмыш бөлімде Түркістанда жерленген Есім, Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Барақ, Бөкей хандардың күміс жүзік бетіне түскен мөрлері, хандарға қатысты Ресей, Қытай мұрағаттарынан табылған құжаттар мен хаттардың көшірмелері (муляждары), сондай-ақ, Хан Ордасынан археологиялық қазба кезінде табылған қыш табақтар, құмыралар, қылыш, қанжар жәдігерлері экспозицияда көрініс тапқан.
Тарихи көрмені Астанада ұйымдастырудағы мақсат — Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи жәдігерлерді насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту және туризм саласын дамыту болып табылады.
Көрме үстіміздегі жылдың 1 қазанына дейін Астана қаласы тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі