«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ: БАЛАЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ.

Түркістанның жомарт азаматтары мен қала әкімдігі тарапынан биылғы «Мектепке жол» акциясы аясында 1361 балаға оқуға қажетті құралдар мен киімдер алып берілді. Балаларға қуаныш сыйлаған бүгінгі салтанатты шарада қала әкімі Ә.Өсербаев: «Кез келген мектеп жасындағы бала әлеуметтік жағдайына қарамастан көптің көмегі арқылы болса да еліміздегі жалпы орта біліммен қамтылуы тиіс. Бұл – олардың конституциялық құқығы. Сол үшін оқушылардың мектепке баруын толық қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жыл сайын «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы өткізіледі. Балаларды мектепке дайындау – ата-аналардың міндеті. Бірақ, өмірде қалыптасқан түрлі әлеуметтік жағ¬дайларға байланысты, кейбір ата-ана балаларын толықтай дайындай алмай жатады. Соны ескере отырып, біз де өз тарапымыздан «Мектепке жол» акциясының аясында қайырымдылық шара ұйымдастырып отырамыз. Рухани шаһарымызда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл шараның мәні мен мағынасы жыл өткен сайын артып, балаларға бақыт сыйлап, мейірімділік танытушы жомарт жандардың қатары көбейіп келеді. Мәселен өткен жылы 700 балаға жекелеген азаматтар көмек қолын созса, биылғы жылы 900 балаға қамқорлық жасалып отыр. Ал, 461 балаға мемлекет тарапынан жалпыға бірдей білім қорынан қаралған қаржының есебінен көмек көрсетілді. Қаламызда жаны жомарт азаматтардың қатары көбейе берсін. Бір бірімізге деген мейірімділік пен қамқорлығымыз арта түссін. Болашақ ұрпағымыз аман болсын деп тілеймін!» — деп сөзін түйіндеп, акцияға атсалысқан демеуші азаматтарға барша түркістандықтар атынан алғысын білдіріп, балаларға арналған мектепке қажетті құрал жабдықтарды өз қолымен табыс етті.
Салтанатты шараға жиналғандар мектеп оқушылары арасынан шыққан жас өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады.