ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Аудандық Жастар орталығында Түркістан облысы әкімі аппаратының Қоғамдық келісім коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлері А.Әбдікәрімов және Ә.Әлиев этносаралық ахуалды саралау мақсатында және аумақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты кең ауқымды Дөңгелек үстел өткізді.
Жиында аудандық мәслихаттың депутаты Бағдат Қалаубай, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақберген Төлешов және ауданның төбе биі Сағынбай Жұманов, Шаян ауылы әжелер алқасының төрайымы Әтір Алиева алқалы жиында сөз сөйлеп, өздерінің ой- пікірлерін ортаға салды. Бұл жиында сөз алғандардың бәрі де өздерін толғандылған кемшіліктерді жіпке тізгендей етіп, еш қаймықпай, ашық айтты. Отырыстың мәнді де мағыналы болуы сондықтан.
Сонымен қатар, орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Батыр Айтуаров, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрдос Айдарбеков пен Жастар ресурстық орталығының сектор меңгерушісі Мамыркүл Смағұлова, Аңсар Бекзалыұлы, іс-шараға белсенді атсалысса, дөңгелек үстелге қатысушылар сұрақ-жауап негізінде қоғамдық келісім және этносаралық мәселелер бойынша пікір алысты.
Жеңіс ЕРҒАЗЫҰЛЫ.