СҰРАУЫ БОЛМАЙ ТҰРҒАН 55 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ КІМ ҚАЙТАРАДЫ?
Осыдан екі айдан астам уақыт бұрын «Уақыт» газетінде «Іздеу саламыз» айдарымен «ӘБДІРАХЫМОВ «ҚОЛДЫ БОЛҒАН» 55 МИЛЛИОНДЫ ТАПТЫРА АЛА МА?» атты сын мақала жарық көрген болатын. Одан бері біршама мерзім өткенмен, тиісті басшылық тарапынан ешқандай оңды шешім қабылданып, мемлекеттің қолды болған қаржысын қайтаруға ешқандай қозғалыс болып жатқан жоқ.
Республикалық «Время» газетінде жарық көріп, 2007 жылғы мемлекет қаржысының орынсыз жұмсалғандығына негізгі қозғаушы болған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұқарбаевтың айтқан ұсыныстары, қойған талаптары ешқандай нәтижесіз күй кешуде. 2007 жылы қаладағы көлік паркін құру және оған қажетті құрылыс заттарын алу үшін жоспарланған 72 миллион теңге қалалық мәслихатта қабылданған болатын. Жұмысты атқаруға тиісті конкурс жеңімпазы, алматылық «Жетісу» сауда орталығы» ЖШС жеңіске жетіп, оған 55, 04 миллион теңге аударылғанмен, дәл бүгінге дейін құрылыс жүргізілмей, қаржы кейін қайтарылмай, үлкен жауапкершілік «өлінің» күйін кешуде. Барлық мәселенің заңға қайшы екендігі белгілі болғанмен, оған осы уақытқа дейін Шымкент қалалық әкімдігі тарапынан ешқандай нақтылы шешім болмаған. Тіптен қалалық және облыстық прокуратура тарапынан да заңсыздыққа жол берілген мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалып, жауапкершілік сұрау болмағандығы да өте өкінішті. Өзіміз бір кезде құлақдар еткен осы мәселеге қатысты бүгінге дейін орын алған және тиісті шешім қабылданбаған мәселені біз алдағы уақытта Бас прокуратураға, керек болса Ел Президентіне дейін қайта қозғалтуға барымызды салатындығымызды хабардар етіп отырмыз. Өйткені мемлекеттің ақшасын майлы шелпек көретін кейбір шенеуніктер сонда обал-сауаптың орынды шешілуі үшін қажетті талапты жүзеге асыруға ләжсіз мәжбүр болуы бек мүмкін.
Қыдыр ҚАЛИЕВ.