ҮЙІРІН ҚАЙТА ТАПҚАН ҚАНДАСТАРҒА КЕДЕРГІ БОЛМАЙЫҚ

Өткен тарих бүгінгі саясаттың ығына қарай жығылып зерттелмеуі тиіс. Егер бұл бағытта саясат тұрғысынан еңбек етсек, тарихтың шынайы ақиқатын аша алмаймыз. Ал тарих деген – адамзат ғұмыры, өткен замандардағы адамзат тіршілігінің бет-пердесі. Сонымен бірге тарихты тек адамзат қана жасайды, сонымен бірге оның бір бөлшегі саналатын бір тайпа, бір ру, тіпті жеке әулет те жасайды. Осы орайда  базбір тарихшылар мен кейбір білімпаз жандар болмаса, жалпы жұрт біле бермейтін бір сырлы тарих бар.

Ол – қазақтардың басқа ұлттарға, әсіресе, өзбекке айналуы жайындағы тарих.  Расында, бүгінгі ұлтын өзбек санағандардың, әрі сол халықтың өкілі болып жүрген көптеген адамдардың түп-тамырлары неліктен қазақ руларынан таралады және өздері бұл жайында неге  мойындайды деген сауал көпшілікті қызықтыратыны сөзсіз. Шынынды,  неге өзбектер арасында тұратын көптеген туыстарымыздың, ет жақын ағайындарымыздың тілдері әп-сәтте шұбарланып, түрлері өзгеріп кететінін, өздерінің түп тамыры мен тегін неліктен тез ұмытатынын байқасақ та, бұл сырдың астарына неге үңілмейміз?  Жүз үйлі қазақ ауылында тұратын басқа ұлттың бір адамы неліктен ешуақытта қазақ болмайды, ал екі бөтеннің ортасында тұрған қазақ неге демнің арасында өзінің текті ұлтын жоғалтып, бөгдеге айналады?  Қысқасы, бүгінгі  мақаламызда осындай жайттар туралы біраз сырлардың беттерін ашып көрсетсек пе деген ниеттеміз.

Тарихта беті ашылмаған, немесе әдейі айтылмайтын ащы тарих, сорлы ақиқат көп. Соның бірі  – жоғарыда айтқанымыздай, ешқандай тарихи құжатқа тіркелмей, қазақтардың ғасырлар бойы өзбекке айналу процесінің іске асып, тоқталмай келе жатқаны жөніндегі ақиқат. Бір өкініштісі, мұндай құбылыс ешқашан да арнайы зерттеу нысанына айналған емес. Біз бұрындары  бір-екі рет осы жайында мақалалар жазған едік, ал осы жолы жазар ма едік, жазбас па едік, бірақ бір оқиға бұл тақырыпқа кезекті мәрте оралуымызға негізінен түрткі болды.

Көтерген мәселемізге бірден кіріспей тұрып, алдымен өткен тарихқа біраз шолу жасап өтелік. Өйткені бұл бүгінгі тақырыбымыздың  сырын түсіну үшін  керек боп тұр. «1806 жылы қазақтар өте жиі шоғырланған, әрі әлімсақтан Алаш баласының жері болып есептелетін Ташкент пен оның өңірін Қоқан хандығы жаулап алады. Шаһар мен оның айналасына Ферғана жақтан өзбектерді көшіріп әкеп орналастыру – осы кезеңнен бастап қолға қатты алынды. Қоқан хандары Ташкент түгілі қазақ жерін билеген 55 жыл ішінде өздері басқан Шымкент, Түркістан, Иқан, Сайрам, Әулиеата, Созақ қалаларына өз жерлерінен мыңдаған өзбектерді көшіріп әкелді және барлық тарапта өзбек тілі мен ұлтын үстем орынға шығарды. Осының арқасында Ташкентті жайлаған басқа ұлттар өзбек тілінде сөйлеуге мәжбүр болды, бір жағы бұған құштарлық танытты» деп жазады ұлты тәжік өзбек тарихшысы Асат Сапиев өзінің 1926 жылы Ташкентте шығарған «Ходженд уәлаяты: қазақтар һәм тәжіктер» кітабының  55-бетінде. Бірақ бұл құбылыс, біздіңше, Қоқан хандығынан бұрын іске аса бастаған нәрсе. Себебін айтайын, Ташкентті қазақ қауымына жататын Қаңлы тайпасы тұрғызды, оның пәлен жүз километр келетін айналасында күні кешеге дейін тек қазақтар тұрды. Сөйте тұра, ХХ ғасырдың басында осы аймақта қазақтардың саны күрт төмендеп, өзбектердің саны тез өсіп кетті. Неліктен? Себебі мұндағы өздерін өзбекпіз деп мойындағандардың жартысынан астамы ұлтын өзгерткен қазақтар-тұғын.

1887 жылы орыс отаршылдары жүргізген санақта Қоқан кезінде жергілікті қазақтарды өзбектерге ассимилияциялау жүйесі қарқынды жүргізілгеніне қарамастан, Ташкент пен оның айналасындағы уездер халқының 53 пайызы қазақтар, 15 пайызы құрамалар (олар да қазақтар), қалғандары өзбектер мен тәжіктер болды. 1918 жылы қаңтарда мұнда кеңес өкіметі толық орнап, сол жылдың 30 сәуірінде кеңестер сьезі РСФСР құрамына кіретін Түркістан кеңестік  автономиялық республикасын құру туралы қаулы қабылдады. Түркістанның батыс жағында кеңес саясатын мойындаған Бұқара мен Хорезм халық республикалары құрылды. 1920 жылдары осы екі республикада 350 мыңға таяу қазақ болды.  Түркістан жаңа социалистік қоғамға негізделген республика болса да, оның құрамында бұрынғы патша заманындағы – Сырдария (Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан  Қызылорда мен Ташкент облыстарының аумағы), Жетісу (қазіргі Алматы облысы), Самарқан, Ферғана, Закаспий (қазіргі Түрікменстан мен Қазақстанның Маңғыстау өлкесі) облыстары сақталынып қалды. 1917 жылғы санақ бойынша, Сырдария облысында – 1 миллион 405 мың, Жетісу облысында – 310 мың, Ферғана облысында – 391 мың, Самарқанд облысында  – 125 мың, Закаспий облысында – 95 мың, барлығы – 2 миллион 701 мың қазақ болған. (К. Р. Аманжолов, «Түркі халықтарының тарихы»,  258-бет. Алматы, 2005 жыл).  Әйтсе де, бұл нақты дерек емес. Бұл облыстарда, қазіргі Өзбекстанға қарайтын облыстарда сол жылдары қазақтардың бұдан әлдеқайда көп болғандығын А. Сапиевтің мәліметтерінен тағы көреміз. Қазіргі Өзбекстан жеріндегі қазақтардың ХҮ111- Х1Х ғасырлар мен ХХ ғасыр басындағы тарихын тәптіштеп жазғаны себепті жергілікті ұлтшылдардың қаһарына ұшырап, 1928 жылы күзде Шыршықта у беріп өлтірілген оның «Ходженд уәлаяты: қазақтар һәм тәжіктер» атты кітабындағы мәліметтерде 1926 жылы Өзбек КСР-ындағы (бұл кезде тұрғындарының дені қазақтар болып табылатын Сырдария мен Жетісу облыстары Қазақ АКСР-ына қосылып кеткен) қазақтардың саны 2,5 миллион болған.  Одан соң бұл санға тек 1956 жылы ғана Өзбекстанға берілген  Бостандық  өңірі (1928 жылы өз алдына аудан болып, алдымен Сырдария округіне, кейін ОҚ облысына кірген)  мен Сырдария облысы, Ташқазақ уезіне  қараған Мырзашөлдегі қазақтар кірмеген. Сонда 1926 жылы Ташкент пен оның айналасындағы, Самарқанд пен Ферғана маңындағы  2,5 миллион болған қазақ кейін қайда кетті? Олар осы күнге дейін неге өспеген?  Бәрі Қазақстанға ауып келген жоқ немесе сол облыстарда өз ұлтын сақтап қалған жоқ қой… Міне, қазақтардың басқа үлтқа ассмилияциялануының сұмдық көрінісі!

Тарихтың міндеті – бұрынғы нәрсені орнына қою емес, уақыт шаңына көмілген уақиғаларға сараптама жасаумен және өткен заманда іске асқан қателіктерді қайталамауға бағыт көрсетумен шектеледі. Ғасырлар бойы аласапыран заманмен өмір сүрген қазақтың жатқа қонысы ғана емес, намысы да кеткен. Рухы басылып, қалпы да өзгерген.  Менімен ешкім таласа алмас, егер мен осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы өр қазақтың, көкірегі биік қазақтың таудай рухы қазаргі ұрпақтарында жоқ десем. Бұл тұжырымым қай жағынан болса да, ақиқатқа сай екеніне күмәнім тағы жоқ. Дүниеде басқа ұлтқа айналып кеткен ұлыстар көп. Мәселен, еврейлер батыс жұртының қайсысына болса да сіңген. Бірақ олардың өзгелерден бір артықшылығы – түбінің еврей екенін ешқашан ұмытпайды. Татарлардың, башқұрттардың, чуваштардың, тағы сол сияқты сарылығы мен көздерінің көкшілдігі ұқсас келетін майда ұлттардың қаншасы орысқа сіңді. Олардың кемшілігі – түп-тіректерін мүлде ұмытты. Мұндай құбылыс біздің қазаққа да тән. Алайда қазақтың орысқа немесе батыс жұрттарының біріне мүлде айналуы үшін үш-төрт ғасыр уақыт керек. Себебі адамның бет-пішіні физиологиялық және аралас геннің әсерінен  түр-тұрқы өзгеріске ұшырауы үшін соншама уақыт қажет. Ал қазақтың мұсылман жұртының біріне, мысалы, өзбек пен тәжікке сіңуі оңай.

Қанша жерден жасырып, жаба тоқығанымызбен,  соңғы бір-екі ғасыр ішінде шыққан тегін мүлде ұмытып, өзбекке айналып кеткен қазақтардың саны есепсіз. Қазақ өзбекпен көрші тұрса да, қыз беріп, қыз алысса да, өзбек болуға бейім. Бір өзбек отбасы алдымен көрші отырған он қазақ үйінің алдымен тілін алады. Өзбек қазақша сөйлеуге еш ынтықпайды, қайта қазақ сорлының солардың тілімен шүлдірлегісі келіп тұрады. Ал тілден айырылған, өз тілінен өзгенің тілін үстем көретін халықтың болашағы жоқ. Мен осы күндері де әр түрлі шаруамен  Өзбекстанға көп барамын. Сонда көрем ғой, қазақтар шоғырланып отырған ауылдардың өзінде  ересектердің тіл саптауы өзгеше. Ал жастары бір-бірімен көбіне өзбекше сөйлеседі. «Бұларың қалай?» десем, «Заман солай ғой» деп иықтарын қиқаңдатады. Тағы бір көңіл жабырқататын нәрсе – ондағы қазақтардың тілімен қатар түрлері де өзбектерге ұқсап кеткен. Ал Ташкентке іргелес отырған Қойлықтағы, Қыбырайдағы,  Сіргелідегі қандастарымыз тек айтарға ғана қазақ.

Бұрын да, қазір де Өзбекстанға барғанда өзбек шалдарымен көп сөйлесем. Сөйлесіп отырып, суыртпақтап руын сұраймын. Көпшілігі құжаттарында  өзбек болып жазылғанымен, салт-дәстүрі солардікі болғанымен, түптерінің қазақ екенін жасырмайды. Руларын да айтады. Араларында үш жүздің қай руы жоқ дейсіз. Ал өзбек болуының мәнісін сұрасаң, бірінің шешесі, бірінің көршісі өзбек, бірінің әкесі өзбектенген қазақ. Енді бірі «ортамызға байланысты өзбекке кіріктік» дейді. Бұлай деуге еш намыстанбайды, қайта өзбекке айналғандарын мәртебе санайтындарды да кездестірдім. Міне, Сапиев 1926 жылы  Өзбекстанда 2,5 миллион бар деп көрсеткен  қазақтардың ұрпақтарының сиқы.

1917-18 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағын қамтыған «Жылантақыр» деп аталған алапат жұтынан, одан кейінгі советтік түрлі зүлматтардан бас сауғалап және 1931-32 жылы ашаршылықтан қашып Өзбекстанға барған қазақтардың қаншасы кейін елге қайтты, қаншасы барған жерлерінде жергілікті ұлтқа сіңіп, мәңгілік қалды?  Есебіне жеткен адам бар ма?.. Жарайды, біз бөтен елдегі жағдайды әңгімеледік. Ал өз елімізде тұрып, өзбекке айналған қазақтар туралы естуіңіз бар ма? Есітпесеңіз, айтайын.

Ғалымдардың пайымдауынша,  дүниеде сексуалды гені күшті үш халық бар екен. Олар – еврей, қытай, өзбек екен. Сенбесеңіз байқаңызшы, қазақ қызы осының қайсысына тисе де, қазақ баласы осылардың қайсысынан қыз алса да, балалары соларға ұқсап туылады. Басқа жақты қайдам, Оңтүстік Қазақстанда қазақ-өзбек боп жұптасқан жұбайлар көп. Ілуде біреулері болмаса, олардан өрбіген ұрпақтардың бәрі өзбек боп қалыптасады. Оны айтасыз, өзбекке үйленген қазақ жігіт те, өзбекке тұрмысқа шыққан қазақ қыз да екі-үш айда өзбекше шүлдірлеп шыға келеді. Ондайлардың балалары міндетті түрде өзбек мектебіне барады, өзбекше тәрбие алады. Қазақстандағы қырт қазақтардың ортасында тұрып-ақ, талайлар осылайша басқаға айналып жатыр.

1980 жылдары ел-елден шежіре жинап жүргенімде Ленгір ауданына қарасты Мәдени деген ауылда тұратын тоқсанды алқымдаған Дербіс атты қарияға жолыққаным бар-ды. Мәдени – қалың өзбек қоныстанған Қарамұрт- тың түбінде. Сонда Дербіс қария әңгіме арасында: «Менің бозбала кезімде  мына Қарамұртта он бес-ақ үйдей өзбек бар еді. Қазір бұлардың үйлерінің саны жеті жүзден асты. Осылардың бәрі қайдан ғана тез көбейе қалды, болмаса қайдан келе қалды дерсің. Бұл жерге олар басқа жақтан көшіп келген жоқ. Қазақтардың есебінен көбейді. Сол жылдары НКВД-дан қашқан кейбір байлардың қолшоқпарлары осы өзбектердің арасына келіп тығылды. Ашаршылық кезінде талай аш қазақтар аштыққа ұшырамаған осылардың панасына дүркін-дүркін келіп, жалданып жан бақты. Солардың бәрі кейін өзбектермен аралас-құралас, құдандалы  болып, әп-сәтте өзбекке айналып шыға келді. Олардың арасында бір кездері Қарамұртқа таяу отырған менің де біраз туысқандарым бар. Өзбектердің не құдіреті, не сиқыры бар екенін білмеймін, әйтеуір көз алдымызда неше жүздеген қазақ өзбек боп кетті», — деген-ді.

Сайрам ауданындағы елді-мекендерде отырған өзбектердің көбісінің түбі – қазақ. Осылай деп қарияларының өздері айтады. Мұны жастары да біледі. Сұрасаң, түбіміз – Ошақты дейді, Ысты дейді, Сиқым дейді… Негізі Қоқан хандығы осы өлкені басқанда 1814-ші, 1842-ші, 1856-шы жылдары сонау Ферғана өңірінен Шымкентке, Сайрамға, Қарабұлаққа, Түркістанға, Иқанға, Созаққа, Шолаққорғанға, Әулиеатаға өзбектер топтарын үш дүркін көшіріп әкелген. Бұл жайында Қоқан хандығының хаткерлері әдемі жазып кеткен («Қоқан хандығына қатысты жазбалар тізімі» Ферғана меммұрағаты).  Хандар әр көште ірі шаһарларға 100, кішірек қалашықтарға 50-60 отбасын жіберіп отырған. Мақсаттары – қазақ даласын өзбектендіру-тін. Олардың көпшілігі 1864 жылы орыстар Түркістан мен Шымкентті басқанда, Ташкентке қарай қашқан қоқандықтарға ілесіп, ата қоныстарына қайтып кетті.

Міне, солар жергілікті неше мыңдаған қазақтардың өзбекке айналуына ықпал етті. Қазақстан тәуелсіздік алған жылы талай өзбектер «Аталарымыз – қазақ. Енді өзіміз де қазақ болсақ па дейміз», — деп ауылдық әкімшіліктерге жүгіргені бар-ды. Ленгірмен іргелес Сұлтанрабат ауылында тұратын бір саудагер өзбек сол жылдары: «Біз осы ауылда 90 үй қаңлы бармыз» деп, өзі сықылды бөгдеге айналған ағайындарының шежіресін жинауға кіріскен-ді. Бірақ біздің үкіметтің ұлт саясатына келгенде кеңпейілділік танытатын «ақкөңілділігі» оларды бұл райларынан тез қайтарған.

Аты күллі оңтүстікке белгілі Өсерқұл Рысқұлов деген емші болды. Қаракөк түсті кауға сақалды түріне қарасаң, баяғы «Өзбекфильм» шығарған басмашылар туралы кинолардың құрбашыларынан аумайтын. Сол кісі өле-өлгенінше: «Мен өзбек емеспін! Менің түбім – ұлы жүз сиқым, алакүшік» деп кетті. Сөзінің жаны бар, Қарамұрттың түбіндегі Қожакент деген ауылдағы өзбектердің бәрі сол рудан. Өздері мойындайды. Бірақ болмыстары бөтен.

Бір Өсерқұл емес, ондайлар толып жатыр. Өмір бойы өзбек боп жазылып, сол ұлттың ғұрпын ұстанып келген түркістандық бір Кеңес Одағының Батыры өлер алдында: «Өмірден өтерімде мойындап кетейін – мен қазақтың баласы- мын! Менің екінші атам өзбектен қатын алған екен. Содан әулетіміздің бәрі өзбек боп кетіпті. Мені жерлегенде қазақы салтпен жерлеңдер!» –деп жұртқа жар салған. Сол Түркістанда, бергі Сайрам мен Қарабұлақта, Шымкент пен оның жан-жағындағы елді-мекендерде түбі қазақ неше мыңдағын өзбек өмір сүруде.

Мен шежірешімін ғой. Рулар тарихын жинап жүргенімде  қариялардан «пәлен деген туысымыздың ұрпақтары түгелімен өзбек болып кетті» деп айтқандарын талай естігем. Сіргелі ішінде Қарабатыр деген ру бар. Бір рудың атын иемденген  Қарабатыр (шын аты – Тілеуке) 1694 жылы туылып, 1754 жылы Жетісу жеріндегі соғыста қайтыс болған. Ол 1730 жылдардың аяғында Ташкент түбінде «Сіргелі» қорғанын салдырған. (Кейін ол  Ташкент қаласының  «Сіргелі кварталы» деп  аталды). Қарабатырдың әкесі – Төбет. Төбеттің бірінші әйелінен Алдан, Қалдан, Қарабатыр атанған Тілеулі, екінші әйелінен Досым, Есім деген ұлдар тараған.  Досым қалмақ соғысы кезінде Ташкентте Қарабатырдың жанында жүріп, сондағы бір өзбек қызына үйленеді. Кейін қазақтар қалмақтарды жеңгенде ондағы Сіргелілер Қаратау маңындағы туған елдеріне оралады да, Досым сонда қалып қояды.

1850 жылдары Досым ұрпақтары Сайрам түбіндегі Қарабұлаққа көшіп келеді.  Олар Ташкентте жүргенде өзбектік ғұрыпты ұстанып кетсе де, өздерінің түбі қазақ, Қарабатыр руынан екендіктерін ұмытпайды. Тіпті іргедегі ағайындарымен аралас-құралас болып тұрады. Бірақ кешегі советтік теріс идеология тұсында бұл барыс-келіс біраз уақыт тоқтап қалады. Сонда да,  Досым ұрпақтары өздерінің түбі қазақ екендіктерін ұмытпайды. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін Досым тұқымдары мен Қарабатыр ұрпақтарының байланысы қайта жанданады. Досымнан бастап, ұрпақтар шежіресі жасалады. Хамит Исақов деген бір азамат өздерінің өзбек құрамына қалай кіріп кеткені туралы және қазақ бауырларымен ұлт тұрғысында қайта теңесу, кірігу жайында арнайы мақала да жазады.

Алайда бір кілтипан – бүгінде екі жүздей үйге жеткен Досым ұрпақтарының дерлігі өзбек салтын ұстанған, әрі бәрінің құжаттарында әрбірінің ұлты өзбек болып көрсетілген.  Енді осы ағайында өз ұлттарын қазақ етіп қайта жаздырғысы келіп, шапқылап жүрген жайы бар. Бірақ осындай құжатты жасап беретін біздегі тиісті орындар бұл бастаманы қолдап кетудің орнына түрлі сылтау айтып, аталмыш мәселені қиынға айналдырып жүр. «Бұл туралы нақты тарихи дерек әкел» дейді. «Шынымен қазақ екендіктеріңді білдіретін архивтік мәлімет әкел» дейді. Олардың мұндай уәждеріне күлкің келеді. Он сегізінші ғасырда Досым өзбектен қатын алғанда біреу осы жайында құжат жасап, архивке өткізіп пе? Әлде ол заманда бүгінгідей неке туралы документ жасалып па? Құдай-ау, Өзбекстанда қазақтың көзін бақырайтып қойып, зорлықпен ұлтын өзбексің деп құжат жасап жатқанда, өзі қазақ боламын деп ұмтылғандардың кеудесінен итеріп не көрінді біздегілерге?  Қайта олардың қазақ болғанына, Алаш баласының санын көбейтіп жатқанына қуанбай ма?

Біреулер айтады: «Өзбекстандағы қазақтар сол жақта тұрып жатқан соң, өзбек болуға мәжбүр де» деп. Солай-ақ болсын. Сонда біздің жердегі өзбектер неге қазақ болмайды?  Қайтып болсын, боламын дегендерге жаңағындай кедергі жасалынған соң. Тағы бір айтарым – тәуелсіздік тағы он бес-жиырма жылға кешіккенде Сарыағаш, Келес, Жетісай аудандарының Ташкентке жақын ауылдарында тұратын қазақтардың дерлігі қып-қызыл өзбекше сөйлеуге көшетінде ме еді. Өйткені аталған ауылдардың тұрғындарының тілдері әбден шұбарланып қалған-ды. Мұнымды да ешкім өтірік дей алмас.

Кінә қоймаңыз, оқырман, біраз ащы ақиқаттың бетін аштым. Тек енді алдағы уақыттарда ұлттық намысқа берік болсақ деймін. Тағы бір шындық – Өзбекстанда қазір тұрып жатқан қазақтар жылдар өткен сайын бір кездері басқаға айналған баяғы бабаларындай өзбек этносын қабылдап, сол ұлтқа кірігіп бара жатыр. Белгілі демограф М. Тәтімовтың қайбір жылы «Өзбекстандағы қазақтардың 500 мыңдайы өзбек этносын қабылдауға бейім тұр» деп жазғаны шындықтың нақ өзі.

Айтпақшы, 1960 жылдары Өзбекстанда 1,5 миллиондай қазақтар бар деген мәлімет таратылған. Содан бергі елу жылдан аса уақыт өтсе де ондағы қазақтардың саны әлі – 1,5 миллион. Бұл не қылған өспейтін, не өшпейтін (күйінген соң айтам да) қатып қалған сан?! Жауап айтар біреу табылар ма?..

 

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,

жазушы, шежіреші, профессор.