ЕЛДЕГІ КӘРІЗ ЖЕЛІЛЕРІНІҢ ЖАРТЫСЫНАН АСТАМЫ ТОЗҒАН

бұқараны толғандырған түйткілдің түйіні қашан тарқайды?
Басымыздағы баспананы, көшедегі жолды айтпағанның өзінде, жердің астында көзге көрінбей жатқан, бірақ күнделікті тыныс-тіршілігімізді қамтамасыз ететін жүйенің тозығы жеткені қашан. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдері тағы да сұмдық цифрларды жайып салды. Айтқандарына қарасақ, еліміздегі кәріз желілерінің 54 пайызы, ал сарқынды су тазарту құрылыстарының 65 пайыздан астамы мүлдем тозған. Яғни, біз күнде пайдаланып отырған инфрақұрылымның жартысынан көбі әбден шіріген, кез келген сәтте сыр беруі мүмкін.
Жалпы Қазақстан бойынша су құбыры желілерінің ұзындығы 111 мың шақырымды құрайды. Оның да 38 пайызы бейнеті көп, шұрық-тесік дүниеге айналған тәрізді. Ал 18 мың шақырымға созылып жатқан кәріз желілерінің сиқы анау – 54 пайызы тозған. Апаттың алдында тұрған жүйені аман алып қалу үшін енді мемлекет қазынасынан 1,9 триллион теңге бөлінбек. Мұндай қаражаттың көлемінен-ақ мәселенің қаншалықты тереңде жатқанын түсінуге болады. Осы орайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков үкіметтің жоспарын жария етті. Оның айтуынша, су құбыры желілерін жаңартуға 700 миллиард теңге, ал кәріз жүйесін жөндеуге 400 миллиард теңге бағытталады. Шенеуніктердің уәдесіне сенсек, биыл жыл соңына дейін су құбырларының тозуын 37 пайызға, кәріз желілерін 52 пайызға дейін төмендету көзделген. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткіштерді тиісінше 33 және 41 пайызға азайту жоспарланыпты. Жоспар әдемі, кағазда бәрі сай. Бірақ жылдар бойы қордаланған мәселе бірнеше айдың ішінде немесе санаулы жылда оп-оңай шешіле қояр ма екен?
Қазіргі таңда жалпы құны 356 миллиард теңге болатын 146 жоба қолға алынып, іске асырудың әртүрлі кезеңінде тұрғаны айтылды. Бұл жобалардың 95-і су құбыры желілерін, 51-і кәріз инфрақұрылымын жаңартуға арналған. Оның ішінде 69 жоба нақты іске асырылып жатса, 23 жоба конкурстық рәсімдерге дайындалуда, тағы 54 жоба келісу кезеңінен өтіп жатыр екен. Сөз жүзінде жұмыс қайнап жатқандай. Алайда бұл жерде тек жер астындағы құбырларды ауыстыра салумен мәселе шешілмейтіні тағы бар. Ең сорақысы – ағын суды тазартатын нысандардың жағдайы. Еліміздегі сарқынды су тазарту құрылыстарының 65 пайыздан астамы тозған. Жер астынан келген лас суды тазартатын жүйе істен шықса, жаңадан тартылған құбырдың да қайыры болмайды. Осыны түсінген жауапты орындар 45 қалада тазарту нысандарын салып, қолданыстағыларын реконструкциялауды жоспарлап отыр. Мұндай ауқымды жұмыстарға 800 миллиард теңге қарастырылған. Бақытжан Жүнісбеков айтып өткендей, басты міндет – тек жекелеген учаскелерді ғана шұқылап жамау емес, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін кешенді түрде жаңарту. Шындығында да, сарқынды су келіп түсетін тазарту құрылыстары ескі-құсқы жабдықпен жұмыс істеп тұрса, тек құбырды ауыстырудан ештеңе өнбейді. Тұрғындарға сенімді коммуналдық қызмет ұсынып, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру үшін су құбырын да, кәріз жүйесін де, тазарту нысандарын да түгелдей қайта құрудан басқа амал жоқ.
Жылдар бойы ескерусіз, назардан тыс қалған астыңғы инфрақұрылымның зардабын әлі күнге дейін қатардағы халық тартып келеді. Кейде судың тоқтауы, кәріздің жарылуы, сасық иістің қаланы алып кетуі бүгінгі қазақ қоғамының үйреншікті көрінісіне айналып кеткен бе дейсің. Аумақтық даму, заманауи қала құру, халықтың тұрмыс сапасын арттыру дегеніміз ең алдымен осы қарапайым тұрмыстық қажеттіліктерді реттеуден басталуы тиіс. Егер жауаптылар осы жолы да бөлінген миллиардтарды тиімді жұмсай алмаса, онда 2029 жылға қойған межелердің бәрі бос сөз, құр уәде болып қала бермек. Ел ішіндегі инфрақұрылымдық дағдарыс басталғанда, таудай қаражаттың есебін сұрайтын да халық болмақ. Ендігі кезекте сөзден іске көшіп, миллиардтардың нәтижесін қағаздан емес, шын мәнінде шынайы өмірде көретін уақыт жетті. Мәселенің түйінін тарқатуға бекінген министрліктің жұмысына бағаны енді уақыт пен халықтың өзі береді.
О.ҚАСЫМ.




