«АТА ЗАҢ – ӘДІЛЕТТІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ БЕРІК КЕПІЛІ»

Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп, кеше ғана қиял болып көрінген дүниелер бүгін күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ғылым мен озық технологиялар дамып, жасанды интеллект қоғам өміріне түбегейлі әсер етуде. Өндіріс тәсілдері жаңарып, кәсіпкерлікке қойылатын талаптар өзгеруде. Осындай жауапты кезеңде уақыт талабына сай бейімделген ел ғана өркениет көшінде алға озады, ал өзгерістен қорыққан мемлекеттің артта қалып қоюы ықтимал. Алайда жалпы өркениет жолы тек технологиялық жетістіктермен ғана өлшенбейді. Қоғамның шынайы дамуы үшін қауіпсіздік, тұрақтылық, әділеттілік пен адам құқығы қатар жүруі тиіс. Өйткені бейбітшілік пен тыныштық жоқ жерде береке болмайды, ал берекесіз ел ешқашан алға баспайды.

Бүгінгі жаһандық ахуалға көз салсақ, бұл ақиқаттың мәні айрықша екенін көреміз. Жер шарының әр түкпірінде әскери қақтығыстар мен саяси текетірестер өрши түсіп, талай елдің тыныштығы бұзылуда. Бір кездері баланың шат күлкісі естілген көшелерден бүгінде қару дауысы шығып, мектепке баруы тиіс бүлдіршіндер қауіп-қатердің ортасында қалып отыр. Өз үйінде алаңсыз өмір сүруге хақылы отбасылар туған жерін тастап, бөтен жұрттан пана іздеуге мәжбүр болуда. Соның салдарынан миллиондаған адамның тағдыры астаң-кестең болып, тұтас бір ұрпақтың болашағына қатер төнуде. Осының бәрі бізді бір ғана түйінді ойға жетелейді. Елдің ең үлкен байлығы – оның тыныштығы мен ішкі тұрақтылығы. Адам өз болашағына кәміл сеніп, баласының ертеңіне алаңдамай өмір сүргенде ғана қоғам дамудың даңғыл жолына түседі. Мұндай қауіпсіз орта өздігінен пайда бола салмайды. Ол үшін мемлекетте берік тәртіп, әділетті заң, жауапты билік және халықтың ауызбіршілігі болуы шарт. Бірлік дегеніміз – тек бір тудың астында қатар өмір сүру ғана емес, ортақ мақсат жолында күш біріктіру, елдің болашағына бейжай қарамау, қоғамдағы әрбір азаматтың пікірі мен заңды құқығын терең құрметтеу деген сөз.
Қазақстан үшін бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, мемлекеттілікті нығайту және заман талабына сай даму әрқашан айрықша маңызға ие болып келген, бола бермек те. Тәуелсіздіктің қадірін білу өткен тарихты құрметтеумен ғана шектелмейді. Біз бүгінгі тарихи мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, келер ұрпаққа қуатты әрі бәсекеге қабілетті мемлекет қалдыруға тиіспіз. Сондықтан елдің саяси жүйeсін жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғау, экономиканы қарқынды дамыту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру – уақыттың өзекті талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл бастамаларымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және институционалдық реформаларға дәл осы тұрғыдан қарауымыз қажет. Халық үшін мемлекеттің шынайы қуаты ең алдымен әділеттілікпен өлшенеді. Азамат өз құқығының қорғалатынына кәміл сенсе, кәсіпкер еңбегінің нәтижесін заң аясында қорғай алатынын білсе, жас маман өз білімі мен қабілетіне қарай өсуге толық мүмкіндік алса, қоғамның мемлекетке деген сенімі еселеп арта түседі. Ал сенім – елдің ішкі тұрақтылығын сақтап қана қоймай, экономикалық өсімге қуатты серпін беретін басты күш.
Осы орайда, Қазақстанның саяси және қоғамдық дамуындағы ең маңызды бетбұрыстардың бірі конституциялық жаңғыру үдерісі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси ерік-жігерімен жүзеге асқан бұл реформалар мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жетілдіру, билік институттарының жауапкершілігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту мәселелерін алдыңғы қатарға шығарды. Биылғы 15 наурызда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық республикалық референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының ресми мәліметіне сәйкес, бұл маңызды саяси науқанға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 73,12 пайызы қатысып, дауыс берушілердің 87,15 пайызы жаңа Конституцияны бірауыздан қолдады. Нәтижесінде, Жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап толық күшіне енді. Бұл – еліміздің даму жолындағы жаңа дәуірдің басталғанын білдіретін айрықша тарихи оқиға. Ата заңда бекітілген іргелі қағидаттар елдің саяси бағытын айқындап, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Осы ретте, жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Жаңа Конституциямыздың маңызы орасан зор екенін айрықша атап өткім келеді. Бұл құжаттағы адам құқығын қатаң қорғау, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін түбегейлі арттыру, азаматтардың заңды мүдделеріне кепілдік беру сынды маңызды баптар – елдің ішкі тұрақтылығы мен экономикалық өсімінің кепілі. Өйткені өз ертеңіне кәміл сенген адам ғана батыл қадам жасап, алға ұмтылады. Құқық жоғары деңгейде қорғалатын ортада кәсіпкер өз өндірісін кеңейтеді, инвестор қаражатын ұзақ мерзімді ауқымды жобаларға салады, ал жас маман туған елінде табысты еңбек етіп, кәсіби тұрғыдан өсуге ұмтылады. Осылайша, құқықтық тұрақтылық экономикалық белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді.
Жаңа Конституция ықпалды Парламенті мен қоғам алдында ашық есеп беретін Үкіметі бар президенттік республика формасын заңдық деңгейде бекітті. Бұл саяси шешімдердің қабылдану процесін ашық әрі демократиялық арнаға бұрды. Сонымен қатар Жаңа Конституция аясында Конституциялық соттың қайта құрылып, оның мәртебесінің биіктеуі елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етудің ең басты кепіліне айналды. Енді кез келген қарапайым азамат өз құқықтары мен бостандықтары шектелген жағдайда, Конституциялық сотқа тікелей жүгініп, әділдікті орната алады. Бұл – адам құқығын қорғау саласындағы бұрын-соңды болмаған зор серпіліс. Мұнымен қоса, Жаңа Ата заңда «жер мен оның қойнауы, су ресурстары, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген бап берік бекітілді. Бұл норма ел байлығының игілігін әрбір Қазақстан азаматы теңдей сезінуі тиіс деген ұстанымды айқындайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің де Конституциялық мәртебеге ие болуы – мемлекеттің өз азаматтарының тағдырына, олардың заңды мүдделерінің сақталуына қаншалықты басымдық беретінін айқын көрсетеді.
Жаңа Конституцияның қоғам өміріне тигізетін тікелей әсері орасан зор. Ең алдымен, ол азаматтардың бойында өзінің, отбасының және елінің болашағына деген берік сенімді қалыптастырады. Заңның әділдігіне, сот жүйесінің ашықтығына сенген қоғамда енжарлық жойылып, азаматтық белсенділік артады. Өз құқығының мемлекет тарапынан қорғалатынын білетін адам өзін елінің толыққанды иесі ретінде сезініп, қоғамдық-саяси өмірге, жергілікті басқару ісіне батыл әрі зор жауапкершілікпен араласа бастайды.
Осы жүйелі өзгерістердің заңды жалғасы ретінде Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, оларды тарату туралы шешімі саяси жүйені терең жаңғыртудағы өте батыл әрі стратегиялық қадам болды. Өйткені өкілді биліктің рөлі күшейді. Мәслихаттар енді өз өңірінің даму стратегиясын айқындайтын, жергілікті бюджет пен ресурстардың әділ жұмсалуын қадағалайтын дербес әрі пәрменді күшке айналуда. Осы орайда, мәслихаттарға терең ойлайтын білікті мамандардың, ғылым мен білімнің, өндіріс пен әлеуметтік саланың үздік өкілдері және жаңашыл жастар келуі тиіс. Әрине, мұны халықтың сенімі мен дауысы шешеді. Бастысы, мемлекет басшысының бастамасымен өкілді биліктің рөлін күшейтуге басымдық беріліп отыр.
Түптеп келгенде, кез келген ауқымды реформаның нақты нәтижесі бір күнде көріне қоймайды. Саяси жүйені жетілдіру және басқару мәдениетін өзгерту белгілі бір уақытты, жүйелі жұмысты әрі бүкіл қоғамның белсенді қатысуын талап етеді. Билік ашық әрі халық алдында толық есеп беретін болса, азаматтар да елдің дамуына белсенді түрде атсалысуы тиіс. Депутаттар халықтың үміті мен сенімін ақтауға міндетті болса, сайлаушылар да қоғамдық маңызы бар мәселелерге ешқашан бейжай қарамауы керек. Осындай шынайы өзара жауапкершілік қалыптасқанда ғана қоғамның әлеуеті толық ашылады. Елімізде қабылданған іргелі өзгерістердің игілігін тұтас халқымыз көретін күн алыс емес деп ойлаймын! Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Гүлия Бексұлтанқызы ДЖУЗЕНОВА,
«ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС атқарушы директоры.