САУЛЫҚ САҚТЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Жаздың кірісімен елімізге аптап ыстық та келіп жетті. Маусым — жанымызға жайлылық сыйлайтын, сонымен бірге денсаулығымызға төнетін кейбір қауіптердің де еселеп артатын кезеңі. Әсіресе, күннің ысуына байланысты күнделікті тұтынатын тағамнан улану қаупінің жоғарылауы — бүгінде басты назарда ұстайтын өзекті мәселенің бірі. Бұл жөнінде жуырда Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мәлімдеп, бұқараға үндеу жолдады.
Маманның айтуынша, тағамнан улану — жай ғана іштің ауруы емес, бұл ластанған астың кесірінен ағзаға түскен зиянды микроорганизмдердің әсерінен болатын ас қорыту жүйесінің жедел әрі қауіпті бұзылысы. Көзге көрінбейтін алтын түсті стафилококк, ішек таяқшасы және сальмонелла сияқты қауіпті бактериялар дәл осы аптап ыстықта біздің дастарқанымызда жиі кездесетін қауіпті жауға айналады. Ауа температурасы жоғарылаған сайын, дүкен сөрелері мен үйіміздегі азық-түліктің бұзылу мерзімі де айтарлықтай қысқаратыны белгілі. Күннің көзінде немесе тоңазытқыштан тыс жерде қалған ас санаулы сағаттың ішінде-ақ уға айналуы мүмкін. Санитар дәрігерлердің пайымдауынша, жазғы уланудың басты себептері – мерзімі өтіп кеткен өнімдерді білместікпен пайдалану, тағамды дұрыс сақтамау және әзірлеу технологиясын бұзу, сондай-ақ қарапайым жеке бас гигиенасы талаптарының сақталмауынан болады. Әсіресе, жаз мезгілінде тез бұзылатын сүт, ет өнімдері, кремді кондитерлік өнімдер мен дайын салаттар ерекше қауіп тудырады. Температуралық режимнің сәл ғана бұзылуы жоғарыда аталған қатерлі бактериялардың өте жылдам көбеюіне қолайлы орта туғызады.
Сондықтан да бұл кезеңде әрбір тұтынушы өзінің және отбасының амандығы үшін сатып алатын өнімінің сапасына, оның сақталу мерзіміне және дайындалу жағдайына ерекше қырағылықпен назар аударуы қажет. Көшедегі ретсіз сауда нүктелерінен, күннің астында тұрған дайын тағамдар мен сусындардан бас тартқан абзал. «Ауру — астан» деген аталы сөздің астарына үңілсек, жаздың берекелі де шуақты күндерін аурухана төсегінде өткізбеудің жалғыз жолы – ас ішу мәдениеті мен тазалық қағидаларын қатаң сақтау. Өзімізді де, жақындарымызды да аптаптағы астың ажалынан қорғау өз қолымызда екенін ұмытпаған жөн.




