СОЗАҚТА 29 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Қазақ халқы үшін баспана – әр отбасының берекесі, ұрпақ өрбітіп, қияға қанат қақтыратын қасиетті ұя. Сондықтан да болса керек, ата-бабамыз «Өз үйім – өлең төсегім» деп, өз шаңырағыңның болуын бақыттың бастауына балаған. Осы орайда, елдігіміздің асқақ рухын айшықтайтын айтулы мереке – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында теріскей өңірінің алтын бесігі саналатын Созақ ауданында үлкен қуаныш орнады. Аудан орталығындағы бой көтеріп келе жатқан заманауи Жеткіншек ықшам ауданында бір сәтте 29 отбасына жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табысталды.

Қоныс тойының басты кейіпкерлері – қоғамның ерекше назары мен қамқорлығын қажет ететін халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен алтын құрсақты көпбалалы аналар. Ақ жаулықты аналар мен ардагерлер қатысқан салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа пәтер иелерін шын жүректен құттықтап, бұл игі істердің артында үлкен мемлекеттік стратегия жатқанын атап өтті. Өз сөзінде аудан басшысы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мен тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруды мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде белгілеп бергенін және бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да Созақ топырағында толастамайтынын ерекше шегелеп айтты. Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев те өз кезегінде жаңа қоныс иелеріне бақ-береке мен амандық тілеп, ақ батасын берді. Жаңа пәтерлердің кілтін алып, көздеріне қуаныш жасы үйірілген тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осынау зор қолдауға шексіз ризашылықтарын білдіріп, ақжарма алғыстарын ақтарды.
Қазіргі таңда баспана бөлу ісінің барынша ашық, әділ әрі заман талабына сай жүргізіліп жатқанын да айта кеткен орынды. Бүгінде тұрғын үй кезегіне қою және мұқтаж азаматтарды іріктеу жұмыстары адам факторынсыз, қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Отбасы банк» акционерлік қоғамының бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл жүйе азаматтардың мәртебесін, тұрғын үйге мұқтаждық деңгейін және кезектегі орнын айқын көрсетіп, әділдіктің орнауына берік негіз болып отыр. Ең қуаныштысы, Жеткіншек ықшам ауданындағы құрылыс қарқыны мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазіргі таңда пайдалануға толық дайын тұрған тағы 47 пәтер бар. Олардың құжаттандыру рәсімдері аяқталғаннан кейін баспаналар кезең-кезеңімен өз иелерін табады. Сонымен қатар ауданда тағы да 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қызу жүргізілуде.
Бұл ретте тек мемлекеттік бюджет қана емес, еліміздің ірі өндіріс алыптары мен отандық бизнес өкілдерінің де әлеуметтік жауапкершілікті терең сезініп отырғанын айтуымыз керек. Сөзіміздің дәлелі ретінде, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асырылып жатқанын атап өтуге болады. Кәсіпорындар мен жергілікті биліктің мұндай бірлескен жұмысы Созақ ауданының әлеуметтік әлеуетін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін беруде. Осылайша, Мемлекеттік рәміздер күнінде басталған игілікті іс созақтықтардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, теріскей төріндегі берекелі тірліктің тағы бір ажарын аша түсті.