БАЛМҰЗДАҚ ШЫҒАРАТЫН КӘСІПОРЫННЫҢ ҚАЗЫҒЫ ҚАҒЫЛДЫ

Киелі Сауран топырағы соңғы жылдары тек тарихи мекен ғана емес, Түркістан облысының экономикасына серпін берген іскерлік алаңға айналып келеді. Өңірде шикізатты өңдеу мен дайын өнім шығару бағытындағы жобалардың қатары күн санап артуда. Соның бір айғағы ретінде жақында ауданға қарасты Иассы ауылдық округінің Еңбекші Диқан елді мекенінде орналасқан «Дәморда» өндірістік алаңында құны 200 миллион теңгені құрайтын заманауи балмұздақ өндіретін кәсіпорынның алғашқы қазығы қағылды. Бұл тағылымды шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат депутаттары, іскер азаматтар мен сала басшылары арнайы қатысып, жаңа өндіріс орнының аймақ үшін маңыздылығын жоғары бағалады.

Жиында сөз алған аудан басшысы инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндірістік қуатты арттыру жұмыстары Сауранның әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдететін ең басты тетік екенін ерекше атап өтті. Бұл жоба — тек жергілікті деңгейдегі шағын өндіріс емес, ауқымы кең, стратегиялық маңызы зор бастама. Жаңа кәсіпорын Қазақстан мен Орталық Азия нарығындағы балмұздақ және мұздатылған өнімдер өндірісінің көшбасшысы саналатын алып «Шин-Лайн» компаниясының өндірістік желісін одан әрі кеңейтуге бағытталған. Бүгінде аталған бренд балмұздақтың 160-тан астам түрін, сондай-ақ түрлі сүт өнімдері мен мұздатылған жартылай фабрикаттарды шығарып, тұтынушылардың жоғары сеніміне ие болып отыр. Енді міне, осынау сұранысқа ие өнімнің бір тармағы Сауран топырағында әзірленетін болады. Бұл қадам өңірдегі қайта өңдеу өнеркәсібін жаңа белеске көтеріп, отандық өнімнің үлесін еселей түсетіні анық.
Жаңа өндіріс орны толық қуатына енген кезде тек ішкі нарықтың сұранысын өтеп қана қоймай, Түркістан облысының экспорттық даңқын асыруға да үлкен септігін тигізбек. Кәсіпорында дайындалатын тәтті өнімдер Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Беларусь және Сауд Арабиясы сынды әлемнің 10-нан астам мемлекетіне жөнелтіледі деп жоспарлануда. Сауранда шығарылған өнім араб елдері мен көршілеріміздің сауда сөрелерінен табылуы – аймақ экономикасының дұрыс бағытта дамып келе жатқанының нақты айғағы. Нарықтың тамыр соғысын дөп басқан мұндай жұмыр жобалар Сауран ауданын тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, қуатты өңдеу өнеркәсібімен де танытып, құтты өңірдің ырысын арттыра түсері сөзсіз.