ПЛАСТИК ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨҢДЕУ ІСІ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ

Қазіргі таңда жаһан жұртын толғандырған ең өзекті мәселенің бірі – экологиялық қауіпсіздік пен қалдықтарды кәдеге жарату. Бұл бағытта Мемлекет басшысы ірі қалалар мен аймақтарда инвесторларды тарта отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттардың құрылысын жандандыруды шегелеп тапсырған болатын. Осы стратегиялық міндетті орындауда Түркістан облысы жүйелі де серпінді қадамдарымен ерекшеленіп келеді. Бүгінде киелі өңірде 36 мекеме қоқыс жинау мен тасымалдау ісін дөңгелетіп отырса, 15 кәсіпорын қалдықтарды сұрыптаумен, ал 5 зауыт оны қайта өңдеп, жаңа өнім шығарумен айналысады.
Жақында ғана Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күніне орай ұйымдастырылған арнайы пресс-тур барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осы саланың тамыр соғысын көріп, аймақтың экологиялық әлеуетін саралауға мүмкіндік алды. Журналистердің назарын аударған негізгі нысан – Кентау қаласында орналасқан «Қаратау Полимер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпкер Ұлықбек Рахымжанұлы жетекшілік ететін бұл кәсіпорын 2016 жылдан бері нарықта өз орнын тауып, тұрмыстық пластик қалдықтар мен бөтелкелерді екінші деңгейлі шикізатқа айналдыру ісін жолға қойған. Жеке кәсіпкердің өз қаражаты мен демеушілігі есебінен бой көтерген жобаның жалпы құны 100 миллион теңгені құрайды. Бұл зауыт тек Кентаудың емес, бүкіл облыстың пластик қалдықтарын өңдеп, қоршаған ортаны улы заттардан тазартуға өлшеусіз үлес қосып отыр. Жылдық өндірістік қуаттылығы 1 500 тоннаға жететін кәсіпорында қазіргі таңда 20-дан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Ең қуаныштысы, зауыт шығарған дайын шикізат ішкі нарықты ғана қамтып қоймай, Ресей Федерациясына экспортталуда. Мұны қоқыстан қазына айырып, экологияны экономикалық тиімділікке ұштастырудың нақты үлгісі деуге болады. Кәсіпорын басшысы Ұлықбек Рахымжанұлының айтуынша, алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа цех ашу жоспарлануда, бұл – аймақта жаңа жұмыс орындары мен салық түсімінің артатынын аңғартады.
Мұндай жасыл өндіріс орындарының қанат жаюы Түркістан облысының стратегиялық жоспарларымен де үндесіп жатыр. Мәселен, аймақты дамытудың бесжылдық жоспары аясында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттырудың нақты межелері бекітілген болатын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 87 552 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналса, соның 27 140 тоннасы сұрыпталып, қайта өңдеу өндірісіне бағытталған. Нәтижесінде қайта өңдеу үлесі 31 пайызды құрап, алға қойған жоспар межесінен асыра орындалды. Ал ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 33 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Қорыта айтқанда, Түркістан өңірінде қалдықтарды басқару инфрақұрылымының заман талабына сай дамуы тек табиғатты аялаудың ғана емес, аймақ экономикасын жаңаша бағытта өркендетудің берік кепіліне айналып келеді.




