ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ ЕЛДІ АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ҚҰЛАҚ АСТЫ

көшпелі кездесулерде
қандай түйткілдер көтерілді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде өңірлерде нақты істермен өріліп, жаңа сипатқа ие болуда. Бұл бағытта үшінші мегаполис – Шымкент қаласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар ерекше назар аудартады. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің аудандарды аралап, халықпен тікелей жүздесуі — билік пен бұқара арасындағы байланыстың жоғары деңгейде екенін тағы бір рет айшықтай түсті. Қала басшысының мәселенің мән-жайын оқиға орнында көзбен көріп, халықтың мұң-мұқтажына тікелей құлақ түруі — оның іскерлік қабілеті мен елге деген шынайы жанашырлығын көрсететін айқын қадамға айналды.

Әкімнің бұл жолғы көшпелі кездесулері Қаратау, Тұран және Еңбекші аудандарын қамтып, мегаполистің ең өзекті түйткілдерін тарқатуға бағытталды. Шаһар басшысы алдымен Қаратау ауданына ат басын бұрып, Қайтпас, Мирас шағынаудандары мен Мәртөбе, Сайрам тұрғын алаптарының жұртшылығымен мазмұнды әңгіме өрбітті. Мұндағы халықты толғандырған мәселелердің ауқымы кең. Жиында жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру, жасыл желекті суару жүйесі, қоқыс шығару және инженерлік инфрақұрылымның сапасы сөз болды. Сондай-ақ жер қатынастары, әлеуметтік қолдау, жолдарды асфальттау мен аулаларды ретке келтіру де назардан тыс қалмады. Балабақша мен мектеп салу, спорт алаңдарын күтіп ұстау, тіпті дәрігерлік амбулатория ғимаратын тиімді пайдалану сияқты әлеуметтік маңызы жоғары ұсыныстардың барлығын Ғабит Сыздықбеков мұқият тыңдап, әрбір өтінішті іске асырудың нақты тетіктерін заң шеңберінде түсіндіріп берді. Шешілуі уақыт алатын күрделі мәселелерді өз бақылауына алған қала басшысы тиісті басқармалар мен аудан әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, халық алдындағы жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетті.
Тұран ауданында да қордаланған мәселелер аз емес екені аңғарылды. Мұнда көпқабатты үйлердегі кәсіпкерлік нысандардың тәртібі, коммуналдық қызмет сапасы, қаңғыбас жануарларды аулау және кәріз желісін тарту мәселелері өткір қойылды. Сондай-ақ тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламасы мен қоғамдық тәртіпті сақтау жайы да ортаға салынды. Қауіпсіздікті нығайту үшін аулаларға бейнекамералар орнату, лифтілерді ауыстыру және Жаңаталап шағынауданында учаскелік полиция пунктін ашу туралы тұрғындардың орынды талабына әкім толық қолдау білдірді. Ғабит Әбдімәжитұлы халықпен тұрақты кері байланыс орнатудың және көтерілген мәселелерге шұғыл әрекет етудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, өзінің жедел әрі батыл шешім қабылдайтын заманауи басшы екенін тағы да дәлелдеді.
Көшпелі кездесулердің үшінші күні Еңбекші ауданында, атап айтқанда Қойкелді батыр көшесі мен Оңтүстік, Айнатас, Достық шағынаудандарының түрғындарымен жалғасты. Бұл өңірде ирригациялық жүйе, трансформаторлардың күйі, ішкі жолдарды кеңейту мен жол белгілерін орнату сияқты күнделікті тұрмысқа қажетті дүниелер талқыға түсті. Оған қоса, тұрғындарға Көксай ауданын жаңарту тұжырымдамасы мен ұялы байланыс сапасын арттыру жолдары жан-жақты түсіндірілді. Тұрғындардың белсенді азаматтық позициясына ризашылық білдірген әкім жиналған барлық өтініштердің негізінде арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Бұл көшпелі кездесулер Шымкенттегі атқарушы биліктің халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын, ашық әрі нәтижелі екенін көрсеткен маңызды шара болды десек, артық айтпаған болар едік.
Қорыта айтқанда, Шымкентте өткен бұл көшпелі кездесулер жалаң есеп беру емес, билік пен бұқара арасындағы шынайы сенім мен сындарлы сұхбаттың жарқын үлгісі болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің халықтың үніне құлақ түріп, әрбір мәселенің мән-жайына тікелей қанығуы мегаполистің ертеңгі дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. Өйткені елдің мұңын өз мұңындай сезінген басшы мен қала тағдырына бей-жай қарамайтын белсенді тұрғындар бар жерде кез келген түйткілдің түйіні тарқап, берекелі істің баянды болары хақ. Басты бағдары халықтың игілігі мен тұрмыс сапасын арттыру болған үшінші мегаполистің бұл қадамы — өңірдің өркендеуі мен жарқын болашағының кепілі.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.