ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІ ОРТАЛЫҒЫ БОЙ КӨТЕРЕДІ

Киелі Түркістанның топырағында бауырлас халықтардың бірлігін бекемдеп, өткенімізді түгендейтін тағы бір зәулім руханият ордасының іргетасы қаланды. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының қатысуымен бой көтергелі тұрған жаңа Түркі өркениеті орталығының алғашқы қазығы қағылып, тарихи сәттің куәсі болдық. Бұл кешеннің негізгі өзегі мен асқақ идеясы — түркітілдес халықтарды әлемдік тарих сахнасында өзіндік өшпес орны бар, терең философиясы мен мемлекеттілік дәстүрі ертеден қалыптасқан ұлы өркениет ретінде күллі дүниеге дәріптеу.
Мұнда бабалардан қалған ортақ тарихи-мәдени мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеп, жүйелеуге, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен мәдени туризмнің көрігін қыздыруға айрықша мән берілмек. Жаңа орталықтың архитектуралық кескіні мен жобалық шешімі де көз тартарлық ерекше символикалық мәнге ие болып отыр. Кеңістікте түркі дүниетанымындағы Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала, Өмір ағашы сияқты маңызды ұғымдар бейнеленеді.
Ал мазмұндық құрылымы жағынан ішкі экспозициялар бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлініп, келушілерді өткен ғасырлар қойнауына жетелейді. Көрермендер тарихи оқиғалардың қақ ортасында жүргендей әсер алып, оны жүрекпен сезінуі үшін орталықта соңғы үлгідегі виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR, AR) технологиялары, сиқырлы голография мен жасанды интеллект мүмкіндіктері, сондай-ақ иммерсивті дыбыс пен жарық жүйелері қолданылады. Осылайша, көне тарих пен заманауи цифрлық технологиялар Түркістан төрінде тоғысып, ұлы даланың даңқты шежіресін жаңаша сөйлетпек.




