«АТА ЗАҢ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ»

Биылғы бүкілхалықтық референдум еліміздің жылнамасындағы жай ғана саяси науқан емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің алтын діңгегіне айналды. Қабылданған жаңа Конституция — елдің болашағына бағыт-бағдар беретін маңызды темірқазық. Бұл — бүгінгі буынның келер ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілігінің көрінісі, ертеңгі күнмен бірге жасайтын өміршең құжат. Расында, Конституция ең алдымен болашақ буынның игілігі үшін, олардың еркін де әділетті қоғамда өмір сүруі үшін қабылданады.
Жаңа Ата Заңымыз — ел басқару ісіндегі түбегейлі бетбұрыстың бастауы. Президент атап өткендей, енді мемлекеттік институттар жаңарып, құқықтық жүйе жаңа қағидаттар негізінде дамиды. Алайда заңның қағаз бетіндегі қуаты оның өміршеңдігімен өлшенеді. Алдағы кезеңде жаңа Конституция нормаларын толық жүзеге асыру — баршамызға ортақ жауапкершілік. Бұл тек биліктің ғана емес, әрбір азаматтың құқықтық санасы мен жауапкершілігіне сын. Біз жаңа тарихи кезеңнің табалдырығында тұрмыз. Оның табысты болуы — мемлекет пен қоғам арасындағы кіршіксіз сенімге, азаматтардың белсенділігіне және болаттай берік ел бірлігіне тікелей байланысты. Конституцияда жердің де, оның қойнауындағы байлықтың да халыққа тиесілі екенінің шегелеп айтылуы, адам құқықтарын қорғау тетіктерінің күшеюі — Әділетті Қазақстанның нақты көрінісі.
Ең бастысы, жаңа Ата Заң билік пен халықтың мақсаты бір арнаға тоғысқанда ғана мемлекеттің мерейі үстем болатынын көрсетті. Ескіліктің ескірген қағидаларынан арылып, жаңа саяси мәдениетке қадам басу — уақыт талабы. Темірқазығымыз түзу, бағдарымыз айқын болса, болашақ та жарқын болмақ!
Талғат Айтбаев,
Шымкент қаласы мәслихатының
депутаты.




