МАМЫРДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАНША КҮН ДЕМАЛАДЫ?

Көктемнің соңғы айы қазақстандықтар үшін мерекеге толы болмақ. Биылғы күнтізбе мамыр айында төрт бірдей айтулы дата барын еске салып отыр. Алайда жұмыс кестесінің ерекшелігіне қарай, азаматтардың демалыс күндері әртүрлі есептелмек.
Мамыр айының шымылдығы дәстүрлі түрде 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнімен ашылады. Биыл бұл мереке жұма күнге сәйкес келіп тұр. Демек аптасына бес күн жұмыс істейтін ағайын үшін айдың басы үш күндік демалыспен бастау алмақ. Ал алты күндік кестемен еңбек ететіндер жұмада демалып, сенбіде жұмысқа шығады.
Айдың ортасына таман Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні қатар келеді. 7 мамыр — бейсенбі күні барша жұрт үшін демалыс. Ал 9 мамыр — Жеңіс күні биыл сенбіге тұспа-тұс келгендіктен, «Еңбек туралы» заңнамаға сәйкес, демалыс күні дүйсенбіге, яғни 11 мамырға ауыстырылады. Бұл бес күндік жұмыс істейтіндер үшін мамырдың 7-сінен 11-іне дейінгі аралықта керемет мүмкіндік тудырып, ұзақ демалысқа жол ашады. Алты күндік жұмыс аптасындағылар да бұл күндері қатардағы жексенбісін қосқанда үш күн қатарынан тынығады.
Биылғы мамырдың тағы бір ерекшелігі — айдың соңында мұсылман қауымы үшін қастерлі Құрбан айт мерекесінің басталуы. Күнтізбеге сәйкес, 27 мамыр — сәрсенбі күні Құрбан айттың бірінші күні ретінде демалыс болып жарияланды. Түйіндей келгенде, мамырда аптасына бес күн жұмыс істейтіндер үшін нағыз демалыс айы басталмақ. Олар жалпы алғанда 14 күн тынықса, алты күн жұмыс істейтін отандастарымыз үшін 9 күн демалыс қарастырылған.
«Уақыт».




