ДЕПУТАТ ӘБЕНОВТІҢ СЫНЫ МЕН ПРЕЗИДЕНТ ПАЙЫМЫНЫҢ АРАСЫНДАҒЫ АЛШАҚТЫҚ

Түркістан — қазақ руханиятының темірқазығы, түркі әлемінің алтын бесігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өңірді «атажұртымыздың алтын қазығы» деп атап, оның стратегиялық және тарихи маңызын айқындап берген болатын. Алайда соңғы уақытта биік мінберлерден Түркістан туралы айтылған пікірлер ұлттық мақтаныштан гөрі, «үрей мен регресс» сипатын алып бара жатқандай көрінеді. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің діни салаға қатысты соңғы мәлімдемесі — осының айқын дәлелі.

Мұрат Әбеновтің «имам төрт балаға аяғын уқалатып отыр» деген мысалы – қоғамда үлкен резонанс тудырғанымен, шын мәнінде, терең зерттелмеген, үстірт айтылған сөз. Ресми тексерулер көрсеткендей, ол балалар «құлдыққа жегілген шәкірттер» емес, имамның өз немерелері мен жиені болып шыққан. Депутат отбасылық құндылық пен бабадан қалған «бата алу» дәстүрін мемлекеттік деңгейдегі «масқара» ретінде көрсету арқылы Түркістан облысының имиджіне нұқсан келтірді. Бұл — жеке бастың тәрбиесі мен қоғамдық институттардың жұмысын ажырата алмаудың көрінісі іспетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды «екі дүние есігі, руханиятымыздың мызғымас діңгегі» деп ұлықтаса, Мұрат Әбенов бұл өңірдегі діни ахуалды «домбыраға қарсылық», «дәстүрді жою» және «заңды сыйламау» ретінде сипаттайтындай әсер қалдырады. Президенттің көзқарасынша, Түркістан — туризм мен мәдениеттің хабы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі арқылы әлемге танылатын бренд. Ал депутаттың пайымынша, Түркістан — заң орындалмайтын, бала құқығы бұзылатын діни орта. Мұндай қарама-қайшы риторика инвесторлар мен туристерді шошытып қана қоймай, Түркістан халқын бүкіл елге «артта қалған» етіп көрсетуге бағытталғандай әсер береді.
Депутаттың келіннің сәлем салуын, тұсаукесерді дінге қарсы қоюы — жалпылама айыптау. Керісінше, Түркістан өңірі дәл осы салт-дәстүрді ең таза күйінде сақтап отырған аймақ. Жекелеген топтардың пікірін бүкіл бір өңірге немесе елге телу кәсібилікке жатпайды. Түркістан – Қазақстанның жаны. Мемлекет басшысының бұл қаланы дамытуға күш салуы тегін емес. Ал Мұрат Әбенов сияқты халық қалаулыларының тексерілмеген ақпаратты саяси құрал ретінде пайдаланып, тұтас аймаққа күйе жағуы жалғасса, мемлекет басшысы айрықша көңіл бөліп отырған облыстың имиджіне қалай әсер етер еді. Онсыз да, хайп қуып, отбасылық кикілжіңді көгілдір экраннан көрсетіп жатқандар жетерлік. Енді тұтас Түркістанды мысал ете отырып, түрлі мәселенің астарын апарып, мәнін жапсырып қоя берсе, рухани астанамыздың беделі қандай болмақ?
Біз мынаны түсінуіміз керек. Немеренің атасына аяқ уқалап қызмет етуі — бұл қазақы тәрбие, «құлдық» емес. Егер заң бұзылса, нақты фактімен сөйлеу керек, эмоционалды «шоу» жасаумен мәселе шешілмейді. Ал Түркістанды түрлі теріс ағымдағы түсініктер мекені ретінде көрсету — мемлекеттің стратегиялық мүддесіне ауыр соққы беру. Түркістан — жеритін емес, мақтанатын, мазақ ететін емес, рухани қуат алатын өңір. Сондықтан әр сөздің астарын ақтарып, мәні мен мағынасына назар аудару керек-ақ.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.