ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ШЫМКЕНТТЕН БАСТАЛАДЫ

биыл қандай шаралар өтеді?
Шымкент қаласы биылғы Наурыз мейрамын ерекше қарқынмен және жаңашыл форматта қарсы алуға дайындалып жатыр. Ұлыстың ұлы күніне орай түзілген мерекелік бағдарламаның ауқымы кең, мазмұны бай, себебі шаралар тізбегі дәстүрлі онкүндік шеңберінде 14-23 наурыз аралығында жалғасып, тіпті 24 наурызда да маңызды іс-шара ұйымдастырылады.
Мерекелік марафон 14 наурыз – Көрісу күнінен бастау алып, қала тұрғындары мен қонақтарына «Наурыз-думан» және «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» атты этно-фольклорлық қойылымдар мен кітап көрмелерін тарту етеді. Келесі кезектегі Қайырымдылық күні қолөнер шеберлері мен баспа үйлерінің қайырымдылық жәрмеңкелеріне ұласса, 16 наурыз Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні ретінде «Жарамазан fest» республикалық фестивалімен және шығармашылық кездесулермен есте қалмақ.
Биылғы Наурыздың басты ерекшелігі ұлттық құндылықтар мен заманауи технологиялардың ұштасуында жатыр. Мәселен, 17 наурыз – Шаңырақ күнінде отбасылық кештермен қатар, жасанды интеллект негіздерін оқыту, дрон-футбол, VR ойындар секілді инновациялық шаралар ұйымдастырылады. Ал 18 наурызда ұлттық киім дизайнерлерінің сән дефилесі өтсе, 19 наурыз Жаңару күнінде стартаптар мен роботтехника көрмелері қаланың интеллектуалдық әлеуетін паш етпек. 20 наурыздағы Ұлттық спорт күнінде аударыспақ, қыз қуу, бәйге, асық ату секілді ұлттық ойындардан жарыстар өтіп, Шымкент аспаны нағыз доданың дүбіріне толады.
Мерекенің шарықтау шегі 21-22 наурыз күндеріне сәйкес келеді. Ынтымақ күнінде театрландырылған көріністер, гастрономиялық фестиваль және отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ауқымды концерт өтсе, жыл басы саналатын 22 наурызда қаланың барлық алаңдарында думанды концерттер жалғасады. Мерекелік онкүндік 23 наурызда «Таза LIKE» экологиялық акциясымен және салтанатты гала-концертпен қорытындыланғанымен, 24 наурызда өтетін бірегей «оркестрлер айтысы» халықты қайтадан қызыққа батырмақ. Қазақ ұлт-аспаптар, симфониялық және эстрадалық оркестрлердің өнер сайысы Шымкенттегі Наурыз тойының соңғы, әрі ең жарқын аккорды болмақ.
«Уақыт».




